Бектенов Ұлытау облысының жылыту маусымына дайындығын тексерді

Олжас Бектенов Ұлытау облысындағы жылыту маусымына дайындық қарқынын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің коммуналдық-энергетикалық секторы нысандарына барып, инфрақұрылымды жаңғырту қарқынымен танысты. Атап айтқанда, Үкімет басшысы Сәтбаев қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны үшін жылу және ыстық су көзі болып саналатын №1 және №2 жылу стансаларын аралады. 

Премьер-министрге қазір №1 жылу стансасында күрделі жөндеу және 4 қазандыққа, сондай-ақ газ құбырларына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды. Жезқазған ЖЭО-да да жабдықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 13,5 млрд теңге бөлінді. Қазір №5 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жасалып, жұмыстың 60%-ы орындалды, сондай-ақ №7 қазандыққа кеңейтілген-ағымдағы жөндеу жоспарлануда. Қазандық агрегаты мен турбоагрегаттарға жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң, тозу көрсеткіші 84%-дан 63%-ға дейін төмендеді. №8 қазандықты жаңғырту 70%-ға орындалды. 

Олжас Бектенов өңір басшылығына, сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясына жұмыс қарқынын арттыруды, алдағы қысқа дайындықты жедел әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына, сондай-ақ жалпы өңірдегі жағдайға әсер етеді. “Қазақмыс” корпорациясы Жезқазған ЖЭО бойынша, сондай-ақ Сәтбаев қаласының №1 және №2 жылу стансалары бойынша барлық міндеттемелерін орындауы тиіс. Бұл жерде әкімдік пен Корпорация арасында үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Барлығы уақытылы жасалуы керек, — деп тапсырды Премьер-министр.

Айта кетейік, қазір Жезқазған ЖЭО-ның тозуы шамамен 65%-ды құрайды, Сәтбаевтағы қазандықтар 85%-ға тозған. Ұлытау облысында жылыту маусымына дайындыққа 30,2 млрд теңге бөлінді. 10 қазандық дайындалды, 478 шақырым электр беру желілері, 29,8 км су құбырының 22,6 шақырымы жөнделді және 46,4 км газ құбыры салынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы