Бектенов: Үкімет “шынайы мұқтаж адамдарға ғана көмек” қағидатын қатаң ұстанады
Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік салада жүйелі реформалар жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында және Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтылғандай, бүкіл сала реформалауды қажет етеді.
Осыған байланысты Үкімет бірқатар нақты шара қабылдап жатыр.
Атап айтқанда, әлеуметтік көмек түрлерін біріктіру және оларды бірізді жүйеге келтіру процесі жүргізілуде. Сонымен қатар білім беру қызметтері цифрландырылып жатыр. Бұл нысандарды салудан бастап, жан басына сәйкес қаржыландыруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы қайта қаралуда.
Премьер-министр көші-қон заңнамасы мен иммигранттардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау тетіктерінің осалдығы масылдық пиғыл туғызып отырғанын атап өтті.
Осыған байланысты биылдан бастап жеңілдіктер мен қолдау бағдарламалары іріктеліп, тек жұмыс күші тапшы өңірлерге баратын азаматтарға ғана беріле бастады, – деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, мемлекеттік саясаттың жаңа тәсілдері бюджеті 18 трлн теңгені құрайтын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларында тәртіп орнатуға мүмкіндік береді.
Үкімет “шынайы мұқтаж адамдарға ғана көмек” қағидатын қатаң ұстанады, – деді Олжас Бектенов.