Бектенов: Цифрлық теңге бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсауға жол бермейді
Премьер-министр Олжас Бектенов бюджет қаражатын мақсатты пайдалануға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, бұл мәселе әсіресе инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде өзекті болып отыр.
Бюджет қаражатын мақсатты пайдалану – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Біз инфрақұрылым мен нақты жобаларды іске асыруға қаражат жетіспейді деп айтып жүрміз. Осы бағытта Қаржы министрлігімен және Ұлттық банкпен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Премьер-министр цифрлық теңге жүйесі бұл проблеманы шешуге тиімді мүмкіндік беретініне тоқталды.
Жақында әріптестермен бірге цифрлық теңге жобасының іске асу барысын талқыладық. Бұл – бюджет қаражатының ашық әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Мысалы, қаражатты нақты бір нысанға арналмаған мақсаттарға шығарып, қолма-қол ақшаға айналдыру қиын болады. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмысты белсенді жалғастыру жөнінде шешім қабылдадық, - деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтіп жатыр.
Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.