Бектенов СҚО-ның ірі кәсіпорындарын аралады

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өнімдері ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, теміржол салаларында кеңінен қолданылатын бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіптік әлеуетімен танысуды өңірдің байырғы кәсіпорындарының бірі, ғасырлық тарихы бар С.М. Киров атындағы зауытты аралаудан бастады.

Отандық машина жасау саласындағы көшбасшылардың бірі болып табылатын зауытта электронды жабдықтарды әзірлеу мен өндірудің толық циклы қамтылған. Осы жылдың екі айында өндіріс көлемі 9,5%-ға өсіп, 193,7 млн теңгені құрады. Зауытта 487 адам жұмыс істейді. Бұдан басқа, қазақстандық кәсіпорында шығарылатын Lenovo серверлерін құрастыруға индустриялық сертификат алынды. Тағы бір сұранысқа ие өнім – электронды компоненттерді орнатуға арналған 5+ дәлдік класындағы 16 қабатты баспа платасы.

Премьер-Министр қорғаныс және азаматтық мақсаттарға арналған жоғары технологиялық өнімдердің әркелкі түрлерін дайындау үдерісімен егжей-тегжейлі танысты. Сонымен қатар желіні кеңейту бойынша алдағы жоспарлар туралы хабардар етілді.

Біз жаңа өндірістерді игеріп жатырмыз. Атап айтқанда, электромобилдерге арналған қуаттағыштарды шығаруды жоспарлап отырмыз. Тағы бір тың жоба – арнаулы мекемелерде орнатылған антивандалды телефондар. Компьютерлік технология нарығында бәсекелесу қиын болғанымен біз барынша тырысып келеміз. Өткен жылы 4 мыңға жуық компьютер сатылды, — деді Премьер-Министрге С.М. Киров атындағы зауыттың бас директоры Алмаз Нұрмағамбетов. Ол сондай-ақ өндірістік қуаттарды одан әрі арттыру жоспарлары туралы хабарлады.

Олжас Бектенов Петропавл ауыр машина жасау зауытының технологиялық жаңғырту нәтижесімен де танысты. Мұнда мұнай-газ, энергетика және теміржол салаларында қолданылатын өнімдердің кең желісі шығарылады. Бұдан бөлек, зауыт мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындайды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Локализациялау деңгейі жоғары әскери мақсаттағы өнімдерді өндіру циклін құру импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорынның мүмкіндіктерін теміржол және мұнай-газ саласындағы қажеттіліктерді қамту үшін пайдалану керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов. Үкімет отандық зауыттардың өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қолдау шараларын қабылдауда.

Келесі нысан мұнай өнеркәсібіне арналған сорғыш штангалар шығаратын «Мұнаймаш» АҚ кәсіпорны болды. Ішкі нарықтағы үлесі 90% болса, локализация деңгейі 65-тен 75% дейін құрайды. Үкімет басшысы өндіріс қарқынын ұлғайтып, терең ұңғымалар сорғыларының импортынан толық бас тарту үшін мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындармен өзара іс-қимылды нығайту жолдарын қарастыру керектігін атап өтті. Бүгінде Үкімет пен бизнестің алдында отандық зауыттарда өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейту арқылы елішілік құндылықтардың үлесін жыл сайын ұлғайту бойынша ортақ міндет тұрғаны баса айтылды.

Полипропилен ыдыс шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі «SMBGROUP Family» ЖШС-ында Олжас Бектенов еліміздің жеңіл өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, сыртқы нарыққа шығу қажет екеніне тоқталды. Қазақстандық өндірушінің контейнерлері әртүрлі жүк түрлерін тасымалдауға, сақтауға, тасымалдауға арналған, сонымен қатар өнеркәсіп пен логистикада кеңінен қолданылады. Биылғы жылдың екі айында ғана жалпы құны 580 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс көлемі 13,8%-ға өсті.

Бұдан бөлек, Премьер-Министр «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіпорын қазақстандық нарықтың ламинатталған фанерге деген қажеттілігінің 22%-ын қамтамасыз етеді. Ол ірі қалалардағы құрылыс алаңдарында қолданылады және шетелге де экспортталады. Былтыр өндіріс көлемі 4,3 млрд теңгені құрап, 2022 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 32,6%-ға өсті.

«РимҚазАгро» ЖШС қағаз өнімдері зауытында Олжас Бектеновке макулатураны қайта өңдеудің белгіленген циклі көрсетіліп, кластерді одан әрі дамыту жоспарлары туралы баяндалды. Фабрика 30-дан астам өнім түрін шығарады, олар еліміздің барлық өңірлеріне жеткізіліп, сондай-ақ Ресейге де экспортталады. Кәсіпорын алдына халық тұтынатын тауарлардың экспортын ұлғайтып, ішкі нарықтағы үлесті әрі қарай ұлғайту міндеті жүктелді. Мемлекет пен отандық бизнестің белсенді ынтымақтастығының жаңа түрлері қарастырылатын болады.

Нысандарды аралап шыққан Премьер-Министр мемлекет өңдеу өнеркәсібін және халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Бұл ретте отандық өнімнің сапасына ерекше мән беру қажет. Ол үшін бизнес үздіксіз дамып, жаңа өндірістерді де игеруге тиіс. Өз кезегінде Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетілетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы