Бектенов ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Пәкістан Ислам Республикасының астанасында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары кеңесінің 23-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ШЫҰ ҮБК отырысында биыл шілдеде Астанада өткен саммит аясында мемлекеттер басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға назар аударылды. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жаңа жағдайларда, оның ішінде Беларустің Ұйымға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін алуын ескере отырып, тереңдету шаралары қаралды.
Өткен жылы Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы 6%-ға өсіп, $66,7 млрд-ты құрады. Жалпы алғанда, ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 30%-ды құрайды, бірлестік ішіндегі сауда-саттық жалпы көлемнің төрттен бірінен асты.
Олжас Бектенов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ШЫҰ-ға қатысушы елдердің көшбасшылары мүше мемлекеттер арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін стратегиялық негіз қалағанын атап өтті. Осыған байланысты, жаһандық экономика дамуының баяулауы жағдайында саудадағы тұрақты серпінді қамтамасыз ету мақсатында өсімнің жаңа мүмкіндіктері қажет.
Қазақстандық тарап цифрландыру мен онлайн-сауданы дамыту, әріптестік порт-логистикалық желіні құру шеңберінде қолданыстағы теміржол және автомобиль жолдарын жаңғырту, энергетика және инвестиция салаларындағы өзара тиімді кооперация қажеттігін атап өтті. Климаттың өзгеруі, қалдықтарды тиімді басқару саласындағы шаралар кешенін іске асыруға, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау мекемелері арасындағы байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды. Аталған салалардағы тығыз ынтымақтастық Шанхай ондығы елдерінің орнықты дамуы мен өркендеуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Отырыс барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер делегацияларының басшылары: Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Шахбаз Шариф, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченко, Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян, Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі және сауда министрі Мухаммед Атабак, Үндістан Республикасының сыртқы істер министрі Субраманиям Джайшанкар, сондай-ақ ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин, ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры Руслан Мирзаев, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі бас хатшысының орынбасары Чжан Линь, ТМД бас хатшысының орынбасары Ильхом Нематов, бақылаушы мемлекет үкіметінің басшысы – Моңғолия Премьер-Министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ және арнайы қонақ – Түрікменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, сыртқы істер министрі Рашид Мередов сөз сөйледі.
Отырыс қорытындысы бойынша 8 құжатқа қол қойылды, оның ішінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы «Жаңа экономикалық диалогты» дамыту тұжырымдамасы туралы шешім қабылданды.