Бектенов отандық өнімді негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауды тапсырды
Оның айтуынша, көп жағдайда халық тұтынатын отандық тауар өндірушілер сауда орындарындағы алаңдарға қол жеткізе алмайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандық өндірушілерді негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқан жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысының сөзінше, бүгінде халық тұтынатын отандық тауар өндірушілер сауда орындарындағы сөрелерге шығуда бірқатар қиындыққа тап болып отыр. Оның ішінде жалдау ақысының жоғары болуы қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттыруға және бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге кедергі келтіреді.
«Көп жағдайда халық тұтынатын отандық тауар өндірушілер сауда орындарындағы алаңдарға қол жеткізе алмайды. Бұған жалдау құнының жоғары болуы да әсер етеді. Бұл қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін кеңейтуге және оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетуге әкеледі. Сауда желілерінің иелері қазақстандық өнімге деген көзқарасын қайта қарауы керек деп есептеймін. Импорттық тауарларға отандық өнімнің есебінен басымдық беру құқықтық тұрғыдан ғана емес, моральдық жағынан да дұрыс емес», – деді Олжас Бектенов.
Осыған байланысты Премьер-министр Сауда және интеграция министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, барлық санаттағы отандық өндірушілерге, соның ішінде жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық химия өнімдерін шығарушыларға сауда орындарын тиімді шарттармен жалға беру тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы қазақстандық өндірушілерді негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғау мәселесіне де тоқталды.
«Қазақстанда өндірілген танымал азық-түлік пен кондитерлік өнімдерді әдейі қаралайтын ақпараттық науқандардың фактілері кездеседі. Мұндай әрекеттердің мақсаты – бәсекелесті ығыстырып, нарықты иелену. Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, “Қазақстанда жасалған” ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық өнімдерді насихаттауға және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқан жүргізуді қамтамасыз етуі қажет», – деді Олжас Бектенов.