Бектенов қысқы Олимпиадада спортшыларға қолдау білдіруді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында спортшыларды қолдау және XXV қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасына жан-жақты көмек көрсету жөнінде тапсырмалар берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысының айтуынша, басты спорттық додаға дейін уақыт өте аз қалды. Осыған байланысты дайындыққа қатысты барлық шаралар толық көлемде әрі уақытында аяқталуға тиіс.
Туризм және спорт министрлігі Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманың толық дайындығын қамтамасыз етсін. Түпкілікті құрамдарды қалыптастыру, логистика, керекті жабдықтар, медициналық қолдау және ұйымдастыру мәселелерін тез арада реттеу қажет. Ешқандай көзбояушылық болмасын, - деп атап өтті министр.
Ол Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Туризм және спорт министрлігіне, федерацияларға және ведомстволық бағынысты ұйымдарға бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Сонымен қатар болашағы бар спортшыларды қолдау нақты әрі ашық болуы тиіс екені атап өтілді.
Туризм және спорт министрлігіне Ұлттық паралимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманы Қысқы Паралимпиада ойындарына дайындау жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірге Олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылардың өнерін сапалы ақпараттық сүйемелдеу мен телетрансляцияны қамтамасыз етуі қажет.
Ойындар аяқталған соң, қол жеткізілген нәтижелерге объективті баға берілген, әрі олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамытуға қатысты нақты ұсыныстар қамтылған жан-жақты талдау ұсыну міндеттелді.