Бектенов Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді
Премьер-министр Олжас Бектенов ішкі істер министрінің, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің, сондай-ақ Қаржы мониторингі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктері төрағаларының қатысуымен Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиында интернет-алаяқтыққа қарсы күрес және қаржы пирамидаларының алдын алу, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде «Киберпол» арнайы топтарымен 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылғанын, нәтижесінде 962 млн теңге көлеміндегі шығын өтелгенін баяндады. 914 қылмыскер ұсталды.
Жалған нөмірлерден түскен 58 млн қоңырау бұғатталды. Еліміздің 5 қаласында 19 SIM-бокс және 6 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карталары анықталды.
«Антифрод-орталық» жұмысы аясында шетелге шығару сатысында тұрған 400 млн теңге бұғатталды.
Шараларды күшейту үшін несие беруден ерікті түрде бас тарту, сондай-ақ жәбірленушінің қатысуынсыз ресімделген несиелерді есептен шығару бойынша бірқатар заңнамалық түзету пысықталуда.
ҚМА мәліметтері бойынша, биыл 43 қаржы пирамидасы анықталып, мессенджерлердегі 266 чат жабылған. Осылайша, 2 млн-ға жуық азаматтың қаржылық шығынының алдын алды.
«Киберқадағалау» жүйесі 8 мыңнан астам алаяқтық сипаттағы сайт бұғаттады. Азаматтарға компаниялар мен олардың интернет-ресурстарында қаржылық пирамида белгілерін дербес тексеруге мүмкіндік беретін Telegram-бот іске қосылды. Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам өтініш қаралды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі арқылы интернет-алаяқтық, онлайн-казино және қаржы пирамидаларын жарнамалауды анықтау тұрғысында ақпараттық алаңға мониторинг жүргізу барысында жыл басынан бері заңсыз мазмұндағы 12 мың материал мен сілтемелерге қол жеткізуді шектеді.
Киберқауіпсіздік мәдениетін дамыту шаралары нәтижесінде халықтың қауіп-қатер туралы хабардар болу деңгейі 80,4%-ға дейін өсті.
Премьер-министр Олжас Бектенов алаяқтық схемалар үздіксіз дамып келе жатқанын, барлық қажетті деректерді алуға мүмкіндік беретін заманауи хакерлік бағдарламалар қолданылатынын атап өтті. Осыған байланысты бірқатар бағыт бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Мәселен, осы санаттағы қылмыстық істерді тіркеудің ұзаққа созылуы мәселесін шешу үшін қаржы пирамидалары белгілерін анықтаудың нақты тетігін әзірлеу және бекіту тапсырылды.
Мемлекет басшысы интернет-қылмыстарды ерте анықтау мен жолын кесу мәселесіне баса назар аудара отырып, оларға қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді бірнеше рет тапсырды. Онлайн-кредиттерді ресімдеуге, банктік жинақтарды ұрлауға байланысты әрекеттердің көпшілігі шетелден отырып жасалады. Ұрланған ақша «дроперлер» дейтіндердің көмегімен қолма-қол ақшаға айналады. Олар – негізінен жұмыссыз азаматтар, көбінесе «жеңіл» ақшаға құныққан жастар. Қазір заңнамада «дроперлерге» қатысты ешқандай жауапкершілік қаралмаған. Оның үстіне ақпараттық базадағы мәліметтерді желіге немесе алаяқтарға беру бойынша да жауапкершілік жоқ. Сондықтан мүдделі мемлекеттік органдар банк шоттарын, карталарды, жеке куәліктегі деректерді, телефон нөмірлерінің базаларын бөтен адамдарға қасақана бергені үшін жауапкершілікті енгізу мәселесін пысықтауы қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар алаяқтарға қарыз беруге жол бермеу мақсатында онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде ақпараттық қауіпсіздік жүйесін күшейту жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Мұнда онлайн-кредитті ресімдеу кезінде жеке басын сәйкестендіру рәсімдерін қайта қарау тапсырылды. Сондай-ақ ҚНРДА онлайн-несиелерді алаяқтық шабуылдардан сақтандыру мәселесін қарастырады.
Кәмелетке толмағандардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік заң жүзінде қатаңдатылды. Атап айтқанда, татуласу алынып тасталды, кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін тек өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған (бұрын – 20 жыл бас бостандығынан айыру). Жыныстық зорлық-зомбылық және суицидті насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл шеңберінде балалар арасында қорқытудың және буллингтің алдын алу жөніндегі шаралар күшейтілді. Қорқыту, буллинг пен кибербуллингтің құрбаны болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі қабылданды.
Биылғы оқу жылында еліміздің 110 мектебінде Зияткерлік мектептермен бірлесе отырып, буллингке қарсы Kiva пилоттық бағдарламалары, сондай-ақ 50 мектепте «ДосболLike» бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесі бойынша бағдарламаларды басқа мектептерге енгізу туралы шешім қабылданады. Биыл бала тәрбиесі бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін 70 қылмыстық іс қозғалған. Балалардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болғаны үшін 84 мыңнан астам ата-ана жауапқа тартылды. Осыған байланысты 6,5 мың мектепте ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары ашылды. Сынып жетекшілері рөлінің маңыздылығын ескере отырып, мұғалімге сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін арттыру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Сонымен қатар құрдастарына теріс әсер ететін 1700 заңсыз «көшбасшы» анықталып, бақылауға алынды. Жалпы, соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға, биыл 5%-ға төмендеді.
Премьер-Министр Олжас Бектенов кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейін одан әрі төмендету бойынша қосымша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Қажетті қолдауға мұқтаж отбасыларды анықтау шараларын күшейту үшін отбасының цифрлық картасының функционалдығын кеңейту тапсырылды. Сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылық және суицид көріністерін анықтаудың жаңа тәсілдерін әзірлей отырып, оқу орындарының психологиялық қызметінің жұмысын күшейту қажет. Қаржы министрлігіне кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сатуға жол бермеу жөніндегі жұмысты жандандыру тапсырылды. Бұдан басқа, баланың психологиялық және физикалық дамуына зиян келтіретін құқыққа қарсы мазмұнға қол жеткізуді шектеуді көздейтін қосымшаны әзірлеу мәселесі пысықталатын болады.
Отырысты қорытындылай келе, Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Жолдауда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді стратегиялық басымдықпен айқындағанын атап өтті. Үкімет қазақстандықтардың жайлы әрі қауіпсіз өмірін қамтамасыз ету үшін жұмысты күшейту мақсатында барлық шараларды қабылдайтын болады. Ішкі істер министрлігіне күш-жігерді шоғырландыру бойынша жаңа тәсілдерді іске асыру және құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа әрі тиімді жүйесін құру тапсырылды.