Бектенов отандық дәрі-дәрмек нарығындағы тәртіпті реттеуді тапсырды
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығындағы тәртіпті реттеу туралы тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, отандық фармацевтика саласына қаржы тартуды ынталандыру мақсатында инвестициялар туралы келісімдер жасалуда.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру бойынша 9 инвестициялық жоба қолға алынды. Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге үш ай ішінде барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, инвесторлармен келісімдердің жасалуын қамтамасыз етуді тапсырамын, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол дәрі-дәрмекке баға белгілеудің жаңа цифрлық жүйесі фармацевтикалық нарықтағы барлық қатысушылар үшін бірыңғай ережелерді бекітті деп отыр.
Биыл препараттарға бағаны төмендетудің арқасында мемлекет дәрілерді сатып алуда 36 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеді. Бұл қаражат халықты қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталады. Сатып алу бағаларының төмендеуі өндірушілер мен жеткізушілерге ұнай бермейтіні түсінікті. Бірақ біз азаматтарымыздың мүдделерін басшылыққа алуымыз керек. Дәрілер әділ бағамен сатып алынатын болады. Отандық фармацевтикалық өндірушілерге айтарым, біз сіздерді әрі қарай да қолдаймыз. Оған ешқандай күмән болмасын, - дейді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы нарықта адалдық сақталғанда ғана қолдау көрсетілетінін ескертті.
Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары сапалы медициналық өнімді жеткізетін және бағаны жасанды түрде өсірмейтін нарықтың адал қатысушыларына ғана көрсетіледі, - деді Премьер-министр.