Бектенов: Өндірістегі қауіпсіздік нашар болса, басшылық жалақысыз қалуы мүмкін
Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі енді басшылардың жалақысына әсер етеді.
Бұдан былай Қазақстанда кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету басшылықтың жалақысына және жалпы жұмыста қалуына тікелей әсер етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек заңнамасындағы қолданыстағы нормалар жаңартылып жатқанын мәлімдеді.
Осы шаралардың барлығы еңбек қауіпсіздігі саласындағы заңнамалық базаны жетілдіруге, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған. Енді жұмыс берушілер кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауы қажет. Еңбек министрлігі өндірістік жарақат алу көрсеткіші бойынша барлық ірі кәсіпорындардың басшылары үшін KPI енгізуі қажет. Оның орындалмай қалуы басшылықтың жалақысына және жалпы жұмыста қалуына тікелей әсер етуге тиіс, - деп атап өтті Үкіметт басшысы.
Айтуынша, қауіпсіздікке, автоматтандыруға және цифрландыруға салынған инвестициялардың қайтарымы да, әдетте бірнеше есеге жоғары.
Әлемдегі ең озық өнеркәсіптік компаниялар осы қағидатты мықтап ұстанады.
Дегенмен, еліміздің жекелеген кәсіпорындарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі деңгейінде белгілі бір тәуекелдер бар. Олардың дені тозығы жеткен жабдықтарды уақтылы алмастырмау, өндірістік бақылаудың әлсіздігі және заманауи қауіпсіздік жүйелерінің болмауына байланысты туындап отыр. Бұл, ең алдымен, тау-кен, мұнай-газ және химия кәсіпорындарына байланысты. Өнеркәсіптің осы салаларын ерекше бақылауда ұстаған жөн, - деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жабдықтарды дер кезінде жаңартып отыру қажеттігін ескертті.
Бұл ретте, персоналды үздіксіз оқыту мен дайындық деңгейі де өте маңызды.
Сонымен қатар аталған салада заманауи цифрлық мониторинг, бейнебақылау және өндірістік процесс пен қауіпсіздікті автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізу жұмыстарын жандандыру керек, - деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Олжас Бектенов үш адам қаза тапқан жарылысқа қатысты "Қазцинк" басшылығын сынға алған еді.