Бектенов: Компанияның міндеті – өндірісті локализациялау деңгейін жыл сайын арттыру
Олжас Бектенов СҚО-да егіс қорытындысымен, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласының дамуымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі егіс науқанының қорытындысымен танысып, диқандармен және малшылермен кездесті, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын өндіру зауытында болды.
Үкімет басшысы «Дайындық Агро» ЖШС алқаптарын аралап көрді. Серіктестік биыл 7,5 мың гектарға жуық алқапқа егін сепкен. Мемлекет басшысының дара дақылды егістен бас тарту мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл мал азығына арналған алқаптар 3 есеге ұлғайтылды.
Ірі агроқұрылымдардың өкілдерімен кездесуде егіс науқаны мәселелері және АӨК-ті қолдау шаралары талқыланды.
Өңір жыл сайын елдегі жалпы астық көлемінің 25%-на дейін және майлы дақылдардың үштен бірін қамтамасыз ету арқылы осы салада көшбасшы болып отыр. Егіс науқаны жақын күндері толығымен аяқталады.
Бүгінгі таңда 2,3 млн га алқапқа жоспарланған минералды тыңайтқыш көлемінің 65%-ы енгізілді.
Аталған іс-шаралармен барлығы 3 млн га егіс алқабы қамтылады. Жалпы, еліміздің диқандары көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы өткізу мақсатында барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілгені атап өтілді.
Мәселен, Азық-түлік корпорациясы 6,4 млрд теңгеге 44,8 мың тонна бидай көлемінде тұқымдық материалға тауарлық несие берді. Литрі 250 теңге болатын 376 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді, бұл нарықтық бағадан 15%-ға төмен.
Отандық тыңайтқыштар үшін 60% ұлғайтылған нормативті көздейтін аванстық субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді.
Отандық тыңайтқыш өндірушілермен бөліп төлеу мәселесі пысықталды.
Біз бүгінде әлемдік нарықта сұранысқа ие экологиялық таза, табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреміз. Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешеніне жеңілдетілген несие беру және субсидиялау түрінде үлкен қолдау көрсетіліп жатыр, олардың көлемі жылдан жылға артып келеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында шығарылатын барлық өнімді өңдеу және экспорттау маңызды. Ол үшін еңбек өнімділігін тұрақты түрде арттырып, жаңа технологиялар мен тәсілдерді енгізу қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр заманауи сүт-тауар фермаларын салуға 100 млрд теңге жеңілдетілген несие қаражаты бөлінген болатын.
Тауар өндірушілерге тек сүт өндіру мен өткізу үшін субсидия түрінде жыл сайын 24 млрд теңгеге жуық қаржы аударылады.
Премьер-министр «Иван Зенченко»ірі сүт-тауар фермасының мысалында өңірдің сүт өнеркәсібінің әлеуетін одан әрі кеңейту мәселесіне баса назар аударды. Онда технологиялық процестер мен шығарылатын өнім түрлері қаралды.
СҚО-да елімізде шығарылатын сүттің жалпы көлемінің 13%-дан астамы өндіріледі. Малшылар күні кәсіби мерекесі қарсаңында Олжас Бектенов өңірдегі ірі мал шаруашылығы өкілдерімен кездесіп, олармен саланы одан әрі дамыту келешегін талқылап, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 49%-дан астамы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі екенін атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысында Олжас Бектенов неміс технологиясы бойынша ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылатын CLAAS зауытында болды.
Кәсіпорын сұранысқа ие көптеген ауыл шаруашылығы техникаларын шығарады. Биыл нарықты 523 жаңа техникамен, атап айтсақ: 103 трактор, 180 комбайн, 165 дестелегішпен және 75 егіс кешенімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Қазақстандық фермерлер арасында жоғары сапалы ауыл шаруашылығы техникасына сұраныс артып келеді. Енді компанияның міндеті – өндірісті локализациялау деңгейін жыл сайын арттыру. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл мәселені бақылауда ұстауы тиіс, — деді Олжас Бектенов.