Бектенов: Коммерциялық ипотеканы дамыту керек
Үкімет басшысы тұрғын үй саясатын жетілдіру аясында екінші деңгейлі банктердің ипотекалық өнімдерін дамыту маңызды екенін атап өтті.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік бағдарламаларға түсетін жүктемені азайту үшін қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамыту қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы тұрғын үй саясатын жетілдіру аясында екінші деңгейлі банктердің ипотекалық өнімдерін дамыту маңызды екенін атап өтті.
Мемлекеттік бағдарламаларға жүктемені азайту мақсатында қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамытып, көлемін ұлғайту қажет. Сондықтан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктердің коммерциялық ипотекасын және тұрғын үймен қамтамасыз ету құралдарын одан әрі жетілдіру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуді тапсырамын, – деді Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Отбасы банк халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдауға баса назар аударуы қажет екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Премьер-министр Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Құрылыс кодексі аясындағы нормативтік актілерді уақтылы жаңарту және қабылдау жұмыстарын бақылауда ұстауды тапсырды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 1 шілдеге дейін қабылданған Құрылыс кодексі аясында нормативтік актілерді уақтылы жаңартып, қабылдауды, сондай-ақ оларды іске асыру кезінде үздіксіз бақылап отыруды қамтамасыз етсін, – деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ құрылыс көлемінің жыл сайын артуына байланысты құрылыс материалдарына сұраныс өсіп келе жатқаны айтылды. Тапшылық пен бағаның өсуіне жол бермеу, сондай-ақ отандық өндірісті қолдау мақсатында жаңа өндірістер іске қосылып жатыр.
Биыл елімізде құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндіруге бағытталған 38 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған.
Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігі Бәйтерек холдингімен бірлесіп, жобалардың уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуі тиіс.