Бектенов кәсіпкерлерге алғыс білдірді
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған “Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес” шағын және орта бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кез келген экономиканың негізгі тірегі кәсіпкерлік екені баршаңызға мәлім. Сондықтан отандық кәсіпкерлермен сенімді және өзара тиімді серіктестік орнату үкімет үшін сөзсіз басымдық болып табылады. Биылғы ауқымды су тасқыны кезінде бизнес өкілдері де жұмылып, жергілікті халыққа көмек қолын созғаны елдің есінде. Ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің арқасында табиғи апатты аман-есен еңсере алдық, – деді Премьер-министр.
Ол шағын және орта бизнес субъектілері де бұл апаттан қатты зардап шеккенін еске алды. Осы жылдың сәуірінен бүгінгі күнге дейін 10 миллиард теңгеден астам шығын өтелгенін айтты.
Бизнес президенттің жалпыұлттық “Таза Қазақстан” бастамасын іске асыруға да белсенді атсалысуда. Бұл акция ауылдың немесе қаланың тазалығы ғана емес, ортақ мақсатқа жұмылған қоғамның бірлігінің айқын көрінісі. Сондықтан елге жанашырлық танытқан азаматтар мен кәсіпкерлердің барлығына Үкіметтің атынан шынайы ризашылығымды білдіргім келеді, – деді ол.