Бектенов: Енді әкімдер кәсіпкердің табысына тікелей мүдделі болады

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында елдегі кәсіпкерлікті қолдау мәселесі туралы айтып, бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бүгінде елімізде 2,2 миллионнан астам шағын бизнес субъектісі жұмыс істейді. Онда шамамен миллион адам жұмыспен қамтылған.

Кәсіпкерді тіркелген сәтінен бастап, қызметінің барлық кезеңінде фискалдық қолдау жүйесі енгізілуде. Салық органдарының алдында тұрған міндет – қателіктер үшін жазалау емес, керісінше қателеспеуге көмектесу, – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол салықтық есептілік 30%-ға, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға қысқаратынын алға тартты.

Бұл кәсіпкердің есеп беруге жұмсалатын уақытын азайтып, өз бизнесін дамытуға көбірек көңіл бөлуіне ықпал етеді. Тексерулер тек тәуекелдер бойынша ғана жүргізілетін болады. Біз жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тарттық. Микро және шағын бизнес үшін маңызды мәселе – 2026 жылға дейінгі кезеңдер бойынша салық тексерулері мен камералдық бақылау алынып тасталады. Адал бизнес салық органдарының келуін күтпей, алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік алады, – деді Олжас Бектенов.

Пайымдауынша, айыппұл салуға емес, алдын алуға баса назар аудару қажет.

Ықтимал заң бұзушылықтар орын алған кезде алдын ала хабардар ету тетігі енгізіледі. Бұл бизнеске іс-әрекетін қаржылық шығындарсыз күні бұрын түзетуіне мүмкіндік береді. Жаңа Бюджет кодексі шағын бизнестен түсетін барлық салық түсімдерін әкімдіктердің иелігінде қалдыруды көздейді. Енді әкімдер әрбір кәсіпкердің табысқа жетуіне мүдделі болады. Өйткені ол жергілікті бюджет кірістерінің өсуіне тікелей ықпал етеді. Салық төлеуші «Цифрлық бюджет» арқылы аударым қаражатының өзі тұратын аймақты көркейтуге қалай әсер етіп жатқанын көре алады, – деді Премьер-министр.

Шағын бизнестің әлеуетін барынша ашуды мақсат еткендерін айтқан Үкімет басшысы «Бәйтерек» холдингіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді оқыту мен оларға сервистік қолдау көрсетуді ұйымдастыруды тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы