Бектенов: Диқандар цифрлық технологияларды кеңінен қолдануы керек
Цифрландыру су ресурстарын оңтайлы басқаруда да маңызды рөл атқарады.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында агросекторда цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысының сөзінше, цифрлық технологиялар климаттық тәуекелдерді болжауға, өнім көлемін нақты бағалауға және өсімдіктерді зиянкестерден қорғау құралдары мен тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар цифрландыру су ресурстарын оңтайлы басқаруда да маңызды рөл атқарады.
Олжас Бектенов мүдделі мемлекеттік органдарға бұл бағыттағы жұмыстарға отандық технологиялық шешімдер мен стартаптарды белсенді тартуды тапсырды.
Шаруалар осы уақытқа дейін несие алу үшін қажетті анықтамаларды қағаз түрінде тапсыруға мәжбүр. Бұл — өте қолайсыз әрі тым ұзақ. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, диқандарға тиімді әрі ашық мемлекеттік қолдау көрсету үшін жеңілдетілген несие берудің техникалық рәсімін оңайлатып, оны цифрлық форматқа ауыстыруды тапсырамын, — дейді Бектенов.