17 Қараша 2026, 11:06 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бектенов: Бюджет қаржысына сатып алынатын материал мен өнім қазақстандық болуы керек

Премьер-министр Олжас Бектенов бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жобаларда отандық компаниялар мен қазақстандық өнімге басымдық берілуі қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет отырысында Премьер-министр мемлекеттік қаржыландыру отандық өндірісті дамытуға қызмет етуі керек екенін атап өтті.

Біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек. Ол ақшаға сатып алынатын материал, өнім қазақстандық болуы керек. Оны сатып алмай, импорттап алып келетін болсақ, ол мемлекеттің бюджетіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді айту керек, – деді Олжас Бектенов.

Осы тұрғыда Үкімет басшысы Халықтық құрылыс бағдарламасы қазақстандық кәсіпорындар үшін қосымша мүмкіндік ашатынын айтты. Президент бастамасын жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады.

Қазір отандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдары бойынша ішкі қажеттіліктің орта есеппен 73 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Бектенов осы өндірістік қуаттарды бағдарлама жобаларына барынша жұмылдыруды тапсырды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әкімдіктермен, «Бәйтерек» холдингімен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, отандық өндірушілердің бағдарламаға қатысуын қамтамасыз етуге тиіс.

Жобаларды қалыптастыру кезінде тауар өндірушілер тізіліміндегі қолда бар өнімді ескеру, тауарларға қажеттілікті алдын ала жариялау және сатып алу мен өткізу мерзімдерін ескере отырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға қажетті қаржыландыру тетіктерін қамтамасыз ету керек, – деді Премьер-министр.

Бектенов кәсіпорындардың жаңа өнімін ұзақ мерзім бойы өткізуге кепілдік беретін офтейк келісімшарттарын кеңінен қолдану қажеттігін де атап өтті. Оның айтуынша, бұл өнім түрлерін көбейтуге, қазақстандық шикізатты терең өңдеуге және жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік береді.

Мұндай жобаларды жүзеге асыру кезінде «Бәйтерек» инвестициялық холдингінің қаржылық құралдарын пайдалану тапсырылды.