Бектенов БҚО әкіміне: Жақсы жолдар жыл сайын өсуі керек, ал сіздерде керісінше
Үкімет отырысында Премьер-министр БҚО-ның жол салу қарқыны төмен екенін айтып, сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов отырыста өңірлерде жол мәселесі қалай шешіліп жатқанын тыңдады.
Нариман Төреғалиұлы, сіздерде жолдардың жағдайы әлі де нашар болып тұр. Өзгеріс шамалы. Қандай шаралар қабылдап жатырсыздар? Жағдайды қашан жақсартасыздар? - деп сұрады Премьер-министр.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жағдайды баяндады.
Облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 183 шақырым. Оның ішінде жергілікті автожолдар 4 834 шақырым. Үкіметтің қолдауымен 2023-2025 жылдарға жалпы сипаттағы трансферттер түрінде 66 млрд теңге қарастырылды. Сол кезде орташа 1 шақырым жолды салу құны 33 млн теңге есебімен бөлінген қаражатқа жоспар бойынша 3 жылда 2010 шақырым жершілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу жоспарланды. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы 629 км, 2024 жылы 730 км, 2025 жылы 651 км салуымыз қажет еді, - деді әкім.
Нариман Төреғалиевтің айтуынша, алайда салынған жолдар 2023 жылы 291 км, 2024 жылы 251 км салынған, ал 2025 жылы тек 177 км салынады.
Облыс әкімі Үкіметтен қолдау көрсетуді сұрады.
Премьер-министр Олжас Бектенов БҚО-ның жұмысын сынап, мәселенің шешімін табуды тапсырды.
Жақсы жолдардың үлесі жыл сайын өсуі керек қой. Сіздерде керісінше төмендеп бара жатыр. Тек мәселелерді айтып қана қоймай, оларды шешу де керек. Жергілікті бюджеттен тиісті қаржы көлемін бөлу қажет. Бәрін шешіңіздер, - деп ескерту жасады Бектенов.