Бектенов: Бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешім өте терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектенов зауыттар мен кәсіпорындарды аралап, өндіріс басшылығы және ұжымдарымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымдық міндеттерді шешу барысы талқыланды.

Сондай-ақ бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне де назар аударылды.

Сөз сөйлеушілердің айтуынша, бірыңғай уақыт белдеуін енгізу мәселесін Қостанай облысының тұрғындары бұрын да көтерген, өйткені 6-шы уақыт белдеуі табиғи уақытқа сәйкес келмеді.

Осылайша, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешім күнделікті тұрмыстық процестерді жеңілдетті. Осыған байланысты кездесуге қатысушылар бірыңғай уақыт белдеуін қолдап сөз сөйледі.

Премьер-министр Олжас Бектенов тұрғындармен әңгімелесу барысында табиғи уақыттың азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсері ғылыми дәлелденгеніне назар аударды. 2017 жылы америкалық ғалымдар тобы адамның циркадиялық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды, бұл табиғи уақытқа сәйкес өмір сүрудің ең пайдалы екенін растады.

Осы жұмыстың және басқа да ғылыми зерттеулердің негізінде 2022 жылы 80-нен астам елдің ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері қол қойған Барселона декларациясы қабылданды.

Премьер-министр Қостанай облысының тұрғындарына және барлық қазақстандықтарға осы маңызды шешімді түсініп, қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі біз қазір өмір сүріп жатқан UТC+5 болып табылады. Бұрын өздеріңіз білетіндей, біз басқа UТC+6 белдеуінде болдық. Кезінде еліміз директивалық тәртіпте біз үшін табиғи емес белдеуге ауыстырылды. Қазір, керісінше, біз уақытты күн цикліне сәйкес келтірдік. Мен бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу кейбір адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінемін. Ағза біртіндеп үйренеді. Осындай шешім қабылданды. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздықтар болса, біздің еңбек заңнамамыз мүмкіндік беретін инфрақұрылымды, жарықтандыруды, ыңғайлы кестені ұйымдастыру арқылы жұмыс істеу қажет. Осы мәселелердің барлығын әрі қарай шешетін боламыз, — деп атап өтті Премьер-министр.

Сондай-ақ зауыт ұжымымен кездесу барысында Мемлекет басшысы жариялаған алдағы Жұмысшы мамандықтары жылы қарсаңында еңбек жағдайлары және өзге де қолдау шаралары мәселелері көтерілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы