Бектенов: "Бәйтерек" экономиканың басым салаларына қаражат құю бойынша жедел шешім қабылдауға тиіс

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен "Бәйтерек" "Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырыста атқарылған жұмыстың қорытындысы және холдингтің экономиканың өңдеуші секторына одан әрі қолдау көрсету жөніндегі жоспарлары қаралды.

"Бәйтерек" ҰБХ және оның еншілес ұйымдары 2023 жылдың қорытындысы бойынша және 2024 жылдың І тоқсанында 1,6 трлн теңгеге өңдеу өнеркәсібіндегі 4,6 мың жобаны қаржыландырды. Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде барлығы 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылып, 15,1 трлн теңге сомасына қызметтер көрсетілген. Мәселен, Ақмола облысында құс фабрикасының өндірістік қуатын кеңейту жобасы, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында екі байыту фабрикасы пайдалануға берілді.

Өңдеу өнеркәсібінде қолдау көрсетілген кәсіпорындар 3,9 трлн теңге сомасына өнім сатқаны атап өтілді, бұл өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнімдерінің жалпы көлемінің 18%-ын құрайды. Олардың шикізаттық емес экспорттағы үлесі – 12%.

Бүгінде қаржылық көмек импортты одан әрі алмастыруға бағытталған жобаларға көрсетіледі. Олардың ішінде 2025 жылға қарай 2,2 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын жеңіл автомобильдер шығаратын мультибрендтік зауыт құрылысы бар. Бұл Саран қаласындағы шамамен 1,1 мың жұмыс орнын құратын және жеңіл көлікке арналған 3 млн шина, жүк техникасына арналған 500 мың шина шығаратын кәсіпорын. Сондай-ақ 2025 жылға қарай 300 жаңа жұмыс орны құрылып, жылына 30 мың тонна натрий цианидін шығаратын зауыт құрылысына қолдау көрсетілді.

Бұдан басқа, өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайту бойынша қойылған міндеттерді ескере отырып, холдингтің қосымша бағдарламалары әзірленуде.

Қазір біз "Бәйтерек" холдингі мен оның барлық еншілес құрылымдарының экономикалық өсімді ынталандыру жөніндегі әлеуетін белсенді түрде іске қосамыз. Басшылық экономикаға қаражат құю бойынша жедел шешім қабылдауы керек. Біздің алдымызда басым салаларда ЖІӨ-нің елеулі өсіміне қол жеткізу бойынша ауқымды міндеттер тұр. Қарқынды түрде әрекет ету керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отырыс қорытындысы бойынша Директорлар кеңесі 2024 жылдың I тоқсанының шоғырландырылған есебін бекітті. Сонымен қатар қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтуге назар аударылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы