29 Қазан 2026, 11:18 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бектенов «байларға салынатын салықты» енгізу тәсілдерін әзірлеуге бір ай уақыт берді

Үкімет аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін бір ай ішінде әзірлеп, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жоспарын дайындауы керек.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Салық кодексіне нысаналы түзетулер әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Нақтырақ айтқанда, Ұлттық экономика министрлігіне түзетулер пакетін пысықтап, мемлекеттік органдармен жедел келісу міндеті жүктелді.

Жеке қарастырылатын мәселе – ірі капитал иелеріне салық салу. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері бір ай ішінде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін ұсынуы керек. Сонымен қатар Қаржы министрлігі жергілікті жерлерде салық жинау деңгейін арттыру, көлеңкелі экономиканың үлесін азайту және жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, салықтық және кедендік әкімшілендіруді толық цифрландыру жұмыстарын аяқтау жөнінде шаралар қабылдасын, – деп тапсырды Олжас Бектенов.

Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы цифрлық трансформация дәуірінде мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру маңызды екенін атап өткенін еске салды.

Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарының жобасын әзірлеп, енгізу міндеті жүктелді. 

Тағы оқи отырыңыз: Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер: Үкімет жұмыс барысын баяндады