21 Шілде 2026, 12:06 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бектенов автокомпонент өндірісін дамыту жоспарын бір айда әзірлеуді тапсырды

Өнеркәсіп министрлігі бір ай ішінде автокомпонент өндірісін дамыту жоспарын әзірлеуге тиіс.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Өнеркәсіп министрлігіне салалық кәсіпорындармен бірлесіп, бір ай ішінде Қазақстанда автокомпоненттер өндірісін құру жөніндегі жоспарды әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Үкімет басшысы машина жасау саласы экономиканы әртараптандырудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы отандық автомобиль өнеркәсібін толыққанды жоғары технологиялық салаға трансформациялау міндетін қойды. Осы орайда, «KIA Qazaqstan», «Astana Motors» және басқа да ірі жобалардың іске асырылуы еліміздің бүкіл өнеркәсібін технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға елеулі серпін берді. Автомобиль саласын одан әрі кешенді дамыту мақсатында мынадай шараларды қабылдау қажет, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі – заманауи талаптарға сай автокомпоненттердің жергілікті өндірісін қалыптастыру.

Ол үшін өндірісте қолданылатын отандық материалдардың түрлерін көбейту қажет. Мәселен, Қарағанды облысындағы «Qarmet» компаниясы автобустар мен жүк көліктері үшін арнайы болат маркаларын шығаруда. Келесі кезеңде жеңіл автомобильдерге арналған болат өндірісін қолға алу қажет. Сонымен қатар мыс, алюминий, хромды терең өңдеу, резеңке, пластик, кабель және басқа да өнім түрлерін дамыту саласында да үлкен әлеует бар, – деді Үкімет басшысы.

Осыған байланысты Олжас Бектенов Өнеркәсіп министрлігіне салалық кәсіпорындармен бірге бір ай ішінде автокомпоненттер өндірісін құру жөніндегі нақты жоспар әзірлеп, Үкіметке енгізуді тапсырды.