Бектенов Ақтаудағы контейнерлік хаб құрылысын ерекше бақылауға алуды тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Ақтаудағы контейнерлік хабтың құрылысының жобасын ерекше бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның негізгі көлік торабына айналуы керек. Мемлекет басшысы алдымызға осындай міндет қойып отыр.
Сондықтан сауда-логистикалық хабтарды құру трансшекаралық экономикалық байланыстарды дамытудың маңызды стратегиялық бағыты болып саналады. Қазір транзиттік бағыттар мен инвестициялар үшін бәсекелестік күшейіп келеді. Осыған орай бізге жерүсті көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіптік кооперация мен сауда желілерін жедел дамыту қажет. Трансшекаралық хабтарды толық іске қосу жүк қозғалысын айтарлықтай қысқартып, өткізу қабілетін арттыруға, өндіріс көлемін, салық түсімдерін және экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жүйелі қарайтын болсақ, бұл жобалар капитал мен жаңа өндірістерді тарту орталықтарына айналады, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол осыған байланысты жұмыс қарқынын күшейтіп, барлық тараптардың өзара іс-қимылын айтарлықтай жақсарту қажет деп атады. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді үйлестіруі керек. Сондай-ақ жобалардың іске асырылуына тұрақты мониторингті қамтамасыз ету де маңызды.
Хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға көңіл бөлу қажет. Ол үшін ең алдымен, бизнеске қолайлы жағдай жасау керек. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз ету, арнайы экономикалық аймақтар құру, рәсімдердің ашықтығы және мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жедел әрекет етуі сияқты мәселелерді шешуге басымдық берген жөн. Хабтардың аумағында логистика, қоймалау, жүктерді тиеп-түсірумен ғана шектелмей, нақты өндірістер құрып, жұмыс орындарын ашу да маңызды, - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол болжамдылық, жылдамдық және әкімшілік кедергілерді азайту инвесторлар үшін маңызды екенін ескертті.
Әкімдіктер жер учаскелері, инженерлік желілер, жолдар мен теміржолдар сияқты базалық инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз етуі қажет. Хабтардың орнықты жұмысы осыған байланысты. Туындаған барлық мәселелер шұғыл шешімін табуға тиіс. Соған орай мынадай тапсырмалар беремін: Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, биылғы 20 желтоқсанға дейін Индустриялық сауда-логистика кешені мен «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы бойынша арнайы экономикалық аймақ құру тұжырымдамасын әзірлесін, - деді Олжас Бектенов.
Сонымен қоса Көлік министрлігі Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысының жобасын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Бектенов министрлікке 2026 жылдың 1-ші тоқсанының соңына дейін жұмыс нәтижелері туралы баяндау қажеттігін еске салды. Сауда министрлігіне трансшекаралық хабтарды дамыту саласында бірлескен жобаларды қалыптастыруды, іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздестіру мен тарту жұмысын жандандыруы қажеттігі туралы тапсырма берді.