Бүгiн 2026, 16:41 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бектенов АҚШ елшісімен сауда, AI және ғарыш саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Премьер-министр Олжас Бектенов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффтпен кездесті

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффтпен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект және ғарыш саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қаралды.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың қараша айындағы Вашингтонға сапары елдер арасындағы экономикалық әріптестіктің ауқымын айқын көрсеткенін атап өтті. Жалпы сомасы $17 млрд болатын қол қойылған 29 келісім экономикалық байланыстардың кеңеюіне елеулі серпін берді. Қазақстан Үкіметі қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға басымдық береді.

Қазақстан-Америка ынтымақтастығы бүгінде қарқынды дамып келеді. Оның негізінде стратегиялық көзқарасы біздің бірлескен жұмысымызға практикалық сипат беретін мемлекеттеріміздің көшбасшылары арасындағы берік қарым-қатынас жатыр. Біз жоғары саяси деңгейдегі тығыз диалог екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету үшін одан әрі қолайлы жағдай туғызады деп сенеміз, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

АҚШ елшісі екі ел арасындағы жақсы қатынастар қалыптасқанын айтып, қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға алғысын білдірді.

Біздің елдер арасында бұрын-соңды болмаған қатынастар қалыптасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Бейбітшілік кеңесі және Ибраһим келісімдері жөніндегі бастамасына қатысты нақты ұстанымын білдірді. Мұның барлығы да – тарихи әрі серпінді бастамалар. Қолдау көрсеткені үшін Америка Құрама Штаттары мен Президент Трамп Қазақстанға алғыс білдіреді, – деп атап өтті Джули Стаффт.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $3,19 млрд-қа жетті, ал 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында $487,4 млн-ды құрады. Кездесуде АҚШ-тың Қазақстан экономикасындағы негізгі стратегиялық инвесторлардың бірі ретіндегі маңызы атап өтілді. Қазіргі уақытта елімізде америкалықтардың қатысуымен 600-ден астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық нарықта Chevron, ExxonMobil, Amazon, Citi, Wabtec, John Deere, Boeing, Oracle, PepsiCo және Mars сияқты компаниялардың болуы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін растайды.

Кездесу барысында мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі реформалау мен жаңартуға негіз болған жаңа Конституцияның ережелерін жүзеге асыруға да назар аударылды. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Ата заңымыз саяси тұрақтылықты нығайтып, мемлекет пен қоғамның үдемелі дамуы үшін берік негіз құратынын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ басым бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бейілділігін растады.