Бектенов Алматы облысының өнеркәсіптік және көлік-логистикалық әлеуетімен танысты

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысының көлік-логистикалық және өнеркәсіптік әлеуетімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Отандық өндірісті жолға қою арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейтін бірқатар нысан тексерілді. Мақсат – импортты алмастыру және экспортқа бағдарлау.

Атап айтқанда, «Жетіген» жаңа көлік-логистикалық орталығы мен G-TRANS Service индустриялық-логистикалық хабы құрылысы, сондай-ақ «Қайрат» және «Даму» индустриялық аймақтарын кеңейту жұмыстарының барысы тексерілді.

Логистикалық орталықтарды аралау барысында Үкімет басшысы көлік инфрақұрылымы мен логистиканы дамытудың өзектілігіне тоқталып, жобаларды табысты іске асыру үшін жетіспей тұрған коммуникацияларды жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма берді. Бұл жұмысты Бизнестің жол картасы бағдарламасы аясында аяқтау қажет. Сондай-ақ өнеркәсіпті дамыту үшін қажетті жағдайлар жасаудың маңыздылығы атап өтілді.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында көлік-логистикалық әлеуетті іске асырудың стратегиялық маңыздылығын атап көрсетті. Зор перспективаларды ашатын осы елеулі артықшылықтарды пайдалануымыз керек. Біз сауда мен жалпы экономикаға ұтымды әсер ететін жаңа жобаларға қызығушылық танытып отырмыз. Қазіргі таңда инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп жатырмыз, бизнестің жұмысы үшін қажетті жағдай жасап, тиісті коммуникациялар құрылады. Сонымен бірге кәсіпорындардың өздері үнемделген қаражатты өнім сапасын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құра отырып, одан әрі кеңейтуге бағыттай алады, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мәселен, Жетіген ауылында қуаттылығы жылына 500 мың контейнерге дейін, жалпы жүк айналымы 5 млн тоннаға жететін Орталық Азиядағы алғашқы ірі индустриялық-логистикалық хабтың салынуы 3,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жоба нысанның ҚХР шекарасына жақын орналасуы есебінен Орталық Азия елдерімен және Қытаймен жүк ағынын арттыруға бағытталған. Бұған қоса Премьер-Министр индустриялық аймақтар аумағындағы компаниялардың жұмысымен танысты. Олжас Бектенов «Бент» темірбетон бұйымдарын, «ТехноНиколь – Орталық Азия» құрылыс материалдарын, «Шин-Лайн» балмұздағын өндірудің технологиялық процесін қарап шықты. 

Сондай-ақ құс етін өндіретін ТМД-дағы ең ірі жоғары технологиялық автоматтандырылған кәсіпорын құру бойынша жаңа инвестициялық жоба таныстырылды. Жоба еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экспортқа бағдарланған. Толықтай іске қосылған кезде өнімділігі жылына 240 мың тонна құс етіне дейін, ал жұмысшылар саны 6 мың адамға жеткізіледі. Бұл ЕАЭО аумағындағы ең ірі құс фабрикасы болмақ. 

Сондай-ақ Қазақстанның импортқа тәуелділігін азайтып, құс етіне деген сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Үкімет басшысы балық өнеркәсібі кешеніне барды. Кәсіпорында ішкі және сыртқы нарықтарда сату мақсатында теңіз балығы өсіріледі. Бүгінде нысанның өндіріс қуаттылығы 1 мың тоннаны құрайды, алдағы уақытта оны 10 мың тоннаға дейін арттыру көзделген.

Азық-түлік қауіпсіздігі – бұл нөмірі бірінші мәселе. Біз өзімізді негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуіміз керек, — деп атап өткен Олжас Бектенов Үкімет өнеркәсіп секторын қолдау шараларын одан әрі жалғастыратынын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы