Бекшин коронавирусты кімдер жиі жұқтыратынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады. Оның айтуынша, індет оптимистік көрсеткіштерге қарамастан әлі де қауіпті.

Бүгінде қаланың инфекциялық стационарларында 673 адам коронавирустан емделуде. Оның ішінде 17 бала бар. Сондықтан 12 жастан асқан жасөспірімдерді белсенді вакциналау өте маңызды. Жаңа «дельта» нұсқа балалар үшін өте қауіпті әрі тез жұғады. Егер өткен жылы 281 оқушы жұқтырса, осы жылдың басынан бері жұқтырғандар саны - 15 039, - деді қаланың бас санитарлық дәрігері.

Эпидемиологтар вакциналанбаған алматылықтардың қанша жастағылары жиі жұқтыратынын талдады.

Нақтылап айтсақ, 20-дан 39-ға дейін – 29%, шамамен 40-тан 59-ға дейін-27%, 60 және одан жоғары – 26%-ды құрап отыр. Жұқтырғандардың ішінде ең көп бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар – 28%, зейнеткерлер – 25%, түрлі ұйымдар, ЖШС, ЖК қызметкерлері – 21%. Бір апта ішінде жұқтырғандардың жалпы санынан жасөспірімдер 5,3%-ды, 14 жасқа дейінгі балалар – 13,3%-ды, оның ішінде 1 жасқа дейін – 2,2%-ды құрайды, - деп атап өтті Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ ол уақыт өте келе антиденелердің концентрациясы төмендейтінін, яғни вакциналардың алғашқы дозаларын алғаннан кейін 6 немесе 9 ай өткен соң КВИ-ға қарсы ревакциналану қажет екенін еске салды.

Еске сала кетейік, бұған дейін мегаполистің бас санитарлық дәрігері коронавирус жұқтырған алматылықтардың 82%-ы – екпе алмағандар екендігін айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы