Бекшин Алматыда қатаң шектеу шаралары қолданылатынын мәлімдеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының бас санитары қалада коронавирусқа байланысты қатаң шектеулер енгізілетінін айтты.
Атап айтқанда:
- Сауда-ойын-сауық орталықтары мен базарлар жұмысын тоқтатады. Азық-түлік сатпайтын дүкендер жұмысына шектеу қойылды. Енді олар 10.00-нан 20.00-ге дейін істейді;
- Шаштараздар мен салондар тек алдын ала жазылу бойынша қабылдайды. Ал маникюр, педикюр мен косметологиялық қызмет көрсету уақытша тоқтатылады;
- Қонақ үй, демалыс орындары тек 50 пайыз толымдылық болған жағдайда ғана қызмет ете алады;
- Ал қоғамдық тамақтану орындарынан тамақты тек алып кетуге болады немесе жеткізу қызметіне жүгіну қажет;
- Жұмыс күндері қоғамдық автобустар мен қала маңына қатынайтын маршруттар кесте бойынша жұмыс істейді. Ал демалыс және мереке күндері 06.00-дан 10.00-ға дейін және 17.00-тен 22.00-ға дейін істейді.
Сонымен қатар фитнес-орталықтарының жұмысы мен Медеу мұз айдынында сырғанауға тыйым салынды.
Аталған қаулы ертеңнен бастап күшіне еніп, 28 наурызға дейін қолданыста болады.