Бекназаров: "Заң мен тәртіп" қағидасы баршаға ортақ болуы тиіс
Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің депутаттары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сыбайлас жемқорлық жөніндегі құқық бұзушылықтармен күрестің тиімділігін арттыру мәселесі кездесудің негізгі тақырыбы болды. Бұл тақырып мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып табылады.
Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров өз сөзінде Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Сенатор бұл кеселмен күресуде бүкіл қоғамның күш-жігері қажет екеніне тоқталды.
Сыбайлас жемқорлықты қоғамнан тыс жеңу мүмкін емес. Әрбір азамат «заң мен тәртіп» қағидасын басшылыққа алып, өз құқықтарын нақты білуі және оларды қорғай білуі керек. Әркім сыбайлас жемқорлық әдістерін пайдалануға жол бермейтін моральдық ұстанымда болуы тиіс, - деді сенатор Бекназаров.
Кездесу барысында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін ахуал қалыптастыру, оның себептері мен салдарын жою, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етушілердің өзара іс-қимылын нығайту қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, бұл әлеуметтік қауіпке қарсы тұруда бірлесіп қимылдауға әзір екендігі айтылды.
Парламент 2023 жылдың қаңтарында қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын іске асыру мәселелері және Мәжілісте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамалық ережелері де талқыланды.
Кездесуге қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейту және осы саладағы құқықтық реттеуді жетілдіруді көздейтін ұсыныстар әзірледі. Әсіресе, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Депутаттар өз кезегінде Парламент Сенаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға басымдық беруді, азаматтардың құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесуді, сондай-ақ заңның үстемдігін нығайтуды жалғастыратынын атап өтті.