Бекназаров ТМД ПАА халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты

Нұрлан Бекназаров ТМД ПАА халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Демократияның дамуын мониторингілеу халықаралық институты және ТМД ПАА Кеңесінің Хатшылығы ұйымдастырған «ТМД елдеріндегі президенттік билік институты» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты.

Конференция жұмысына ТМД ПАА-ға мүше Парламенттердің депутаттары, Орталық сайлау комиссияларының, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ТМД елдерінің ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Қатысушылар президенттік институтты дамыту, сайлау үдерісінде цифрлық технологияларды қолдану, парламентаризм институты мен президенттік билік институтының өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығы, сондай-ақ ТМД елдеріндегі басқару нысанын трансформациялау мәселелерін талқылады.

Нұрлан Бекназаров өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауқымды конституциялық реформалар жүзеге асып жатқаны, президенттік институттың конституциялық-құқықтық мәртебесі және ҚР Парламенті Сенатының заң шығару қызметі туралы айтты.

Сенатор Нұрлан Бекназаров ТМД Парламентаралық Ассамблеясының құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына да қатысты. Сенатор комиссияның күн тәртібіне енгізілген мәселелерді басқа елдерден келген парламентшілерімен бірге қарады және құқықтық мәселелер бойынша сараптамалық қорытындыны тыңдады.

Комиссия отырысында Нұрлан Бекназаров отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларын реттейтін үлгі заң актісінің жобасын әзірлеу мәселесін ҚР Парламентінің Сенатынан күн тәртібіне енгізу туралы ұсыныс жасады. Бұл бастаманы комиссия мүшелері бірауыздан қолдады және ТМД ПАА үлгі заң шығарудың келешек жоспарына «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық реттеу туралы» үлгі заң әзірлеуді енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл ретте аталған үлгі заңды әзірлеуші болып ҚР Парламентінің Сенаты белгіленді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен
Өзгелердің жаңалығы