Жайықта бекірені заңсыз аулағандар сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы прокуратурасы балық ресурстарын заңсыз алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруде заңдылықтың сақталуына қажетті қадағалауды қамтамасыз етті.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, осы жылы аумақтық инспекция және полиция қызметкерлері Жайық өзенінде заңсыз түрде жалпы салмағы 20,4 кг болатын 25 дана бекіре аулаған 12 тұлғаны ұстады.

"Алмалы, Ақбұлақ, Жанама, Қарауылтөбе, Шабдаржап ауылдарынан ұсталған тұрғындар ау құралдарын пайдаланып, "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Заңының 39-бабының өзендерде бекіре балықтарды аулауға тыйым салу туралы талаптарын бұзған", - делінген хабарламада.

Ақжайық аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлғалар балық ресурстарын заңсыз алғаны үшін ҚК-тің 335-бабының 3,4-бөліктерімен айыпты деп танылып, оларға 1 жылдан 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу, шартты түрдегі жаза және 200 сағат қоғамдық жұмыстар тағайындалды.

"Сотталғандардан барлығы 10,9 млн теңге материалдық шығын өндіріліп, алынған балықтар мен транспорттық құралдар мемлекет пайдасына тәркіленді, ал қылмыс құралы ретінде ау, шана, күрек және тағы басқа заттар жойылды", - деп хабарлады БҚО прокуратурасында.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Прокуратура заңсыз бекіре балықтарын аулағаны үшін Қылмыстық кодекстің 335-бабымен қылмыстық жауапкершілік және айыппұл, түзету жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамау, бас бостандығын шектеу және айыру жазалары көрсетілгендігін ескертеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы