Бекірені заңсыз аулағандар ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау полицейлері заңсыз жолмен бекіре балығын аулаған екі ер адамды ұстады.
Polisia.kz сайтының хабарлауынша, 8 қыркүйек күні Полиция департаментінің Балық қорына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімінің қызметкерлері Жайық өзеніндегі рейдтік іс-шаралар барысында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп (рыбоохрана) “Yamaha-40” аспалы қозғалтқышы бар Бударка қайығын тоқтатты.
Тексеру кезінде қайықтағы Дамба ауылының 36 жастағы екі тұрғынынан екі қапқа салынған жалпы салмағы 60 келіге жуық бекіре тұқымдас балықтары, сондай-ақ 40 келі сазан балығы, ау-тор жарақтар табылып, тәркіленді.
Қазіргі уақытта екі азамат уақытша ұстау орнында. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) бойынша жүргізілуде.