Бекболат Тілеухан: Қостанай жылқысы - бесаспап
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Қостанай жылқы тұқымын дамыту бойынша жиналыс өтті.
Жиналысқа ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мекемелердің басшылары, Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілі, ат спорты бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басшылары қатысты.
Жиналыстың күн тәртібінде Қостанай жылқы тұқымын дамытуға қатысты алты түрлі мәселе қаралды.
1. Қостанай жылқысының тұқымы бойынша жалпы ақпарат.
2. Қостанай жылқы зауытының қазіргі жағдайы мен қаржыландыру сұрақтары.
3. Генофондты сақтау және Қостанай жылқысының тұқымын одан әрі жетілдіру бағдарламасын дайындау. «Қостанай тұқымы» жылқысын өсірудің ғылыми негіздемесі.
4. Асыл тұқымды жылқылардың төлқұжаттарын тіркеуге беру үшін Қостанайда зауыттық жылқы тұқымдары бойынша палата филиалын ашу.
5. «Қостанай тұқымы» спорттық жылқы ретіндегі жетістіктері мен жарамдылығы және осы «Қостанай жылқысы» тұқымдары арасында арнайы спорттық жарыстар ұйымдастыру.
6. Қазақстанға және шетелдерге белгілі Қостанай тұқымды жылқыны көбейту бойынша нақты ұсыныстар.
Бұл атсүйер қауымның көкейінде қаншама жылдан бері жүрген нәрсе. Сол пісіп-жетіліп, бүгін талқылауға түсіп отыр. Бұл жылқы тұқымы жайлы сізге қысқаша бір мағлұмат айтайын, Патшалық Ресей 1889 жылы, яғни 19 ғасырдың соңында осы біздің Қостанай өлкесінен бүкіл Қазақстан териториясын қамту мақсатында ат зауытын ашқан. Ондағы басты мақсат осы жылқы арқылы Орталық Азияны игеру болды. Себебі, ол кездегі ат қандай ат еді? Ол кездегі ат – стратегиялық соғыс қаруы болған. Осы мақсатта өзі жүйрік, өзі табиғи ортаға бейім, өзі төзімді ат шығарып алу үшін үлкен коллекция жүріліп кетті – дейді Бекболат Тілеухан.
Қостанай жылқысының қанында ағылшын жылқысының, ақалтекенің, Азия қарабайырының, Дон жылқысының гені бар.
Осылай бірнеше жылқының қанын араластыра отырып, бүгінге дейін әкелген тұқым. Қостанай жылқысының тұқымы 1951 жылға дейін будандастыру нәтижесінде алынғанын біз шығу тарихынан білеміз. 100 жылдан астам уақыт аралығында бұл тұқым өндіріліп келіп, қазіргі кезде саны азаймаса, көбеймей отыр. Сол себептен, Қостанай жылқысының нағыз жанашырларының бастауымен жиналысымызда өзекті өртеп жүрген мәселелер талқыланады. Жиналыстың қорытындысы ертеңгі күні Үкіметке жеткізіліп, осы тұқымды сақтап қалу бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады – деді Бекболат Қанайұлы.
Оның сөзіне қарағанда Қостанай жылқысы құрудың алдында тұр.
130 жылдан астам тарихы бар зауыттың бүгінгі күйі көңіл көншітпейді. Тәуелсіздік алғаннан кейін босаңсыған шаруа қазір шатқаяқтап тұр. Осыны қайта қолға алуды қарастырып отырмыз. Қостанай жылқысы – бесаспап. Ол анау ағылшынның «шиаяғы» емес. Ағылшын жылқысының ұшқырлығына, жүрегінің үлкен екеніне ешкімнің дауы жоқ. Бірақ, ол біздің табиғи ерекшелігімізге байланысты, ауа райы -12-13 градустан аса бастағаннан-ақ шаруасы біте береді. Ал өзіміздің жеріміздің климатына бейімделген Қостанай жылқысын Теңге ілуге де, Жамбы атуға да, көкпарға да, шөгенге де салуға болады. Мысалы шөгенге өте басы елпек, үстіндегі ойыншының әрекетін тақымынан сезіп отыратын ат керек. Осыған жараған ат, бәріне жарайды деп ойлаймын – дейді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті.