"Bek Air" сертификаттарынан айырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі "Bek Air" АҚ-ның пайдаланушы және әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы сертификаттарын қайтарып алды.
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Заңның 12-бабының 5-тармағына, 16-9-бабы 2-тармағының 10-тармақшасына сәйкес, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ жіберген бұзушылықтарды жою туралы нұсқауларды орындамауына байланысты "Bek Air" АҚ-ның пайдаланушы сертификаты кері қайтарып алынды. Сондай-ақ, "Bek Air" АҚ-ның 9 Fokker әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификаттары кері қайтарылды. Сонымен қатар, пайдаланушы және жоғарыда көрсетілген әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы сертификаттырын алу үшін әуе компания қайтадан толық сертификаттау рәсімінен өтуі қажет, - делінген хабарламада.Бұрын хабарланғандай, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп "Bek Air" АҚ әуе компаниясының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін өрескел заң бұзушылықтары анықталды.
Сонымен қатар, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде азаматтық авиация субъектілері үшін "Қазақстанның авиация саласын қалпына келтіру шаралары" бойынша алғашқы вебинар өтті. Вебинардың негізгі бағыты - авиациялық саланы қауіпсіз және тиімді түрде қайта іске қосу жөніндегі іс-шараларды қарастыру. Вебинарға отандық және шетелдік әуе компаниялардың, әуежайлардың, авиациялық оқу орталықтарының өкілдері қатысты.
Әлемдік авиация индустриясы - коронавирус пандемиясынан ең көп зардап шеккен салалардың бірі. Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) болжамына сәйкес, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында әуе компаниялар ұсынатын орындар саны 56%-ға қысқарады, сондай-ақ тасымалданатын жолаушылар саны 593 миллионға азаяды. Сонымен бірге әуе компаниялардың операциялық шығындары 132 млрд АҚШ долларын құрайды, - делінген хабарламада.
Инфекция таралуының жағымсыз салдары Қазақстанның азаматтық авиация саласына әсер етті. Бүгінгі күні барлық тұрақты ішкі рейс жабылды және барлық халықаралық рейстің 99%-ы қысқартылды.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі пандемия салдарын азайту және Қазақстанның азаматтық авиация саласын қалпына келтіруге дайындық жұмыстарын жүргізуде.
"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ бас директорының биылғы жылғы 22 наурыздағы № 101 бұйрығына сәйкес келесі куәліктер мен сертификаттардың жарамдылық мерзімі 90 күнге дейін ұзартылады:
- төтенше жағдайдың қолданылу кезеңінде мерзімдері аяқталатын авиациялық персоналдың куәліктер, біліктілік және арнайы белгілер;
- Авиациялық оқу орталықтары сертификаттары мен авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәліктер;
- азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификаттары және авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәліктер;
- азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы сертификаттары, - деп жазылған ақпаратта.
Процедуралар erc@caakz.com арнайы электрондық мекенжайы арқылы жүзеге асырылады.
Уақытша процедуралар ұшу қауіпсіздігі деңгейін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген, әуе компаниялардың "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиациялық қызмет туралы" заңнамасының талаптарын сақтауын қашықтықтан бақылауға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе ИКАО ұсынған және бүкіл әлемде қолданылатын процедураларға сәйкес жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, вебинарда Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қадағалау тәсілдері және риск факторлары талқыланды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тарапынан мұқият бақылау жүргізу авиация саласын мемлекеттік реттеудің халықаралық үздік тәжірибесін қолдана отырып, тиімді процедураларды әзірлеуге қолдау көрсетеді.
Келесі вебинар әуежайлардың жұмысына арналады. Авиация саласының субъектілері үшін вебинарды өткізу күні мен уақыты қосымша хабарланатын болады.