Ұшақ апаты: Bek Air компаниясы түсініктеме берді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Bek Air әуекомпаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
Бір минуттық үнсіздікпен басталған жиын барысында ол апат болғалы неліктен түсініктеме бермегендерін айтты.
Бұл ауыр жағдай. Барлығымыз есеңгіреп қалдық. Алғашқы уақыттан бері апат болған жерде болдық. Қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз, оның ішінде біздің ұшқыш та бар, - деді ол.
Әуе компанияның ұшу алаңының директоры Ерік Сапаров сол күнгі ұшақтың жағдайына қатысты түсінік берді. Ол ұшқыштардың кәсіби біліктілігі жоғары болғанын, сонымен қатар сол күнгі ауа райы жағдайын баяндай келе ұшақтың техникалық жағдайында ешқандай ақау болмағанын жеткізді.
Сараптама жұмыстрының нәтижесінде ұшақ көкке көтерілмес бұрын оны оңға, солға қарай тартқан. Ұшқыш белгіленген ереже бойынша ұшуға тырысқан. Біздің пайымдауымызша, ұшақтың апатқа ұшырауына оның алдында ұшып шыққан ұшақтың түтіні кедергі жасауы мүмкін. Ұшақтардан бөлініп шығатын мұндай түтін ұшақтардың ұшуына кедергі келтіреді. Оның алдында 1 минут 30 секунд бұрын салмағы өте ауыр ұшақ ұшқан. Негізі бұл аралық кем дегенде екі минут болу керек еді, - дейді ол.