Bek Air 900-ден астам жолаушының билет құнын қайтарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының Түрксіб соты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау Комитетінің "Бек Эйр" АҚ әуекомпаниясына жойылған рейстерге билеттердің құнын толық көлемде қайтару жөніндегі талабын қанағаттандырды.

ТҚҚК 900-ден астам адамның мүддесін қорғап, талап арыз сомасы 54 210 519 теңгені құрады.

Бір күн бұрын жарыссөз кезінде прокурор, қатысушы үшінші тұлғалар, сондай-ақ ТҚҚК мүддесін білдіретін өтініш берушілердің өздері талап-арыз талаптарын қолдады.

ТҚҚК-ң талап-арыздары:

  1. "Бек Эйр" АҚ қызметін тұтынушылардың кінәсінсіз жойылған авиарейстерге бұрын сатып алынған билеттердің толық құнын өтеу құқығын тану
  2. Жауапкерге тұтынушының кінәсінсіз жойылған авиарейстерге бұрын сатып алынған билеттердің толық құнын өтеуге мәжбүрлеу.
  3. "Бек Эйр" АҚ-нан тұтынушылар пайдасына авиабилеттер үшін төленген соманы өндіріп алу.

Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін ТҚҚК тұтынушыларға ақша қаражатын тез арада қайтаруға жәрдемдесетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, іс 2020 жылдың ақпан айынан бері қаралған болатын.

Уәкілетті орган ретінде ТҚҚК қазақстандықтарды одан әрі қорғап, бұзылған тұтынушылық құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы