BBQ форматындағы кездесу. Алматыда белсенді жастар басқосуы өтті

Алматыда Халықаралық жастар күні мен «Жастармен бірге» Ұлттық жастар онкүндігі аясында қаланың белсенді жастарының қатысуымен BBQ форматында кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, комьюнити орталықтарының басшылары, Алматы қаласы әкімінің жанындағы жастар кеңесінің мүшелері, ҮЕҰ басшылары, еріктілер және белсенді жастар қатысты.

«Бұл кештің ерекшелігі жастармен ашық аспан астында еркін форматта кездесу болды. Бүгін жастар небір жақсы ұсыныстар мен жобалар ұсынды. Мен әрқашан біздің жұмысымызға тың серпін беретін жобаларды ашық талқылауға және қолдауға дайын екенімді жеткізгім келеді. Қаламыздың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын. Халықаралық жастар күнімен құттықтаймын!» – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

Іс-шара барысында жыл бойы қаламыздың қоғамдық өмірі мен жастар саясатының дамуына үлес қосқан белсенді жастарға қала әкімі Ерболат Досаевтың атынан алғыс хаттар табыс етілді.

«Алматы – жастар қаласы, сондықтан бұл мерекенің біз үшін маңызы ерекше. Бізге ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады. Бүгін ең белсенді жастарға алғыс хаттар табыс етілді. Күш-жігеріміздің еленіп, қолдау тауып жатқаны бізді одан әрі ынталандырып, дамуға ұмтылдырады. Осындай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса екен деймін», – деді Алматы қаласының еріктісі Елдар Байғабылов.

Іс-шара соңында қатысушылар танысуға мүмкіндік алып, ұйымдастырушылар ұсынған дәмді тағамдардан дәм татты.

«Жастармен бірге» Ұлттық жастар онкүндігі аясында 3-12 тамыз аралығында қалада 50 мыңнан астам жастың қатысуымен 60-тан астам әртүрлі форматтағы іс-шара өтті.

Атап айтқанда, жастардың open air «JAS FEST» фестивалі, қала аудандарында ашық аспан астында өткен кинокөрсетілімдер, «ALMALY NIGHT» интеллектуалдық ойыны, «JasBol» футбол турнирі және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кайрат Конуспаев
Өзгелердің жаңалығы