Базардағы атыс: Қарулы қаскөй 5 адамды атып, өз-өзіне қол жұмсады

Бангкоктағы танымал азық-түлік базарында жаппай атыс болып, алты адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі independent-ке сілтеме жасап. 

Таиланд астанасы Бангкоктағы халық көп жиналатын азық-түлік базарында болған жаппай атыстан 6 адам қаза тапты.

Белгілі болғандай, шабуыл жасаған адам танымал Ор Тор Кор базарында 5 адамды атып өлтіріп, артынша өз-өзіне қол жұмсаған.

Оқиға орнындағы бақылау камераларынан алынған кадрларда адамдар жан-жаққа қашып, өздерін құтқаруға тырысқаны байқалады. 

Қаза тапқандардың 4-уі – базар күзетшілері болса, біреуі – саудагер әйел екені анықталды. Тағы екі әйел ауруханаға жеткізілген.

Полиция оқиғаның себебін анықтап жатыр. Қазіргі мәлімет бойынша, бұл жаппай атыс, - дейді Бангкоктың Банг Су аудандық полиция бастығының орынбасары Ворапат Суктай. 

Оның айтуынша, билік Таиланд пен Камбоджа шекарасындағы соңғы қақтығыстармен қандай да бір байланыстың бар-жоғын тексеріп жатыр.

Шабуыл жасаған адам Кхонг ауданынан шыққан, 61 жастағы бұрынғы күзетші екені белгілі болды.

Ор Тор Кор базары - әйгілі Чатучак базарына жақын орналасқан, жаңа піскен өнімдері мен ұлттық тағамдарымен танымал туристік орын.

Полиция оқиғада туристердің зардап шекпегенін растады. 

Туризм - Таиланд экономикасының негізгі салаларының бірі, ал мұндай оқиғалар елдің беделіне кері әсер етуі мүмкін. Азия елдерінің көпшілігі қатаң қару-жарақ бақылауын ұстанғанымен, Таиландта атыс қаруларымен байланысты өлім-жітім деңгейі жоғары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы