Бүгiн 2026, 17:01 Фото: pixabay.com

Базар, қойма, автотұрақ: Қауіпті аймақта орналасқан нысандарға кім жауап береді?

Депутаттың айтуынша, мұндай нысандар азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Жоғары вольтты электр жеткізу желілерінің күзету аймақтарында орналасқан базарлар, қоймалар мен өзге де нысандар азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл мәселеге Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай назар аударды.

Сенатордың айтуынша, халық көп жиналатын орындарда инженерлік және энергетикалық қауіпсіздік талаптарының сақталуы бүгінде ерекше маңызға ие болып отыр.

Бүгінде қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отырған мәселелердің бірі – халық көп шоғырланатын нысандарда инженерлік және энергетикалық қауіпсіздік талаптарын сақталмауы. Соңғы уақытта Астана қаласындағы «Алаш» базарының аумағында орналасқан жоғары кернеулі электр беру желілерінің күзет аймақтарына қатысты жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселенің өзектілігі тек бір базардың немесе бір кәсіпкерлік субъектісінің тағдырымен шектелмейді. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігі мәселесі, еліміздегі стратегиялық инженерлік инфрақұрылымның қорғалу деңгейі, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің және қолданыстағы заңнаманың тиімділігінің көрсеткіші. Өкінішке орай, бұл мәселе тек Астанаға ғана тән емес. Еліміздің көптеген өңірлерінде жоғары кернеулі электр желілерінің күзет аймақтарында орналасқан базарлар, қоймалар, автотұрақтар, өндірістік және коммерциялық нысандар кездеседі, - деп атап өтті Бибігүл Жексенбай.

Осыған байланысты депутат мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, жоғары вольтты электр жеткізу желілерінің күзету аймағында орналасқан барлық нысандарға ел көлемінде кешенді түгендеу жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар мұндай аумақтардың бірыңғай цифрлық тізілімін жасап, оны мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ықпалдастыру қажет екенін айтты.

Сенатор энергетикалық инфрақұрылымға жақын орналасатын нысандарды салу мен орналастыру кезінде мекемеаралық келісу рәсімдерін күшейтуге, сондай-ақ осы салаға цифрлық бақылаудың заманауи тетіктерін енгізуге шақырды. Оның пікірінше, қолданыстағы заңнаманы да жетілдіру қажет.

Бибігүл Жексенбай азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін талап бұзушылықтарға қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесін де қарастыруды ұсынды.

Азаматтардың өмірі мен денсаулығы, стратегиялық инфрақұрылымның қауіпсіздігі және заң үстемдігі кез келген экономикалық немесе коммерциялық мүддеден жоғары тұруға тиіс, - деді сенатор.