Базалық мөлшерлеме 18 пайыз деңгейінде қалды

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Инфляция 2025 жылдың қорытындысы бойынша 12,3% болып, Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келді. Инфляцияның қалыптасуына азық-түлік компоненті (13,5%) көп үлес қосты. Оның құрылымында ет пен май бағасының шарықтауы өндіріс шығындарының өсуіне және жоғары экспорттық жеткізілімдерге негізделген. 

Азық-түлікке жатпайтын инфляция соңғы айларда айырбастау бағамының нығаюына байланысты біршама төмендеді (11,1%), ал реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің әкімшілік шараларға байланысты төмендеуі салдарынан ақылы қызметтер бағасының өсу қарқыны баяулады (12,0% дейін). 2025 жылғы желтоқсанда айлық инфляция біршама жеделдеп, 0,9% болды. Базалық инфляция 0,8% деңгейінде – жоғары қалпында қалды. 2025 жылы Қазақстан экономикасының өсуі жылдық мәнде 6,5% болды. Бұл ретте көлікте, құрылыста, саудада, сондай-ақ тау-кен өндірісі мен өңдеу өнеркәсібінде жоғары қарқын сақталып отыр, - делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Еске салсақ, былтыр қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,5%-дан 18%-ға дейін көтерген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев
Өзгелердің жаңалығы