Байтұрсынұлы мен Бигелдиновке арналған коллекциялық монеталар айналымға шықты

Қазақстан Ұлттық банкі AHMET BAITURSYNULY. 150 JYL және TALǴAT BIGELDINOV. 100 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Монеталар «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясын жалғастырады.

Монеталардың сатылымға түсетін күніне қатысты ақпарат ҚҰБ-тың ресми сайтында қосымша жарияланады.

AHMET BAITURSYNULY. 150 JYL  коллекциялық монеталары туралы

2022 жылғы 5 қыркүйекте қазақ ағартушысы, қоғам қайраткері, ғалым, лингвист және түркітанушы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толды.

Монетаның бет жағындағы (аверсі) орталық бөлігінде Мемлекеттік Елтаңба бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Жиегінде айналдыра – QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу бар. Монетаның төменгі бөлігінде номиналын білдіретін жазу бар: күмістен жасалған монетада – 500 TEŃGE, мельхиор қоспасынан жасалған монетада – 100 TEŃGE. Сол жағында монета жасалған металды және оның сынамасын білдіретін Ag 925 деген жазу, оң жағында массаны білдіретін 24 g деген жазу орналасқан.

Монетаның сырт жағында (реверсінде) Ахмет Байтұрсыновтың плакаттық графика стилінде орындалған портреттік бейнесі орналасқан. Портреттің оң жағында кітаптың стильдендірілген кескін жақтауында 150 JYL және Ahmet Baıtursynuly жазулары бар. Жоғарғы бөлігінде ҚҰБ логотипі мен соғылған жылы – 2022 бейнеленген. Төменгі бөлігінде – қылқалам бейнесі, Ахмет Байтұрсыновтың өмір сүрген жылдары – 1872 және 1937 жж., төменгі бөлігінде қылқалам бейнесінің астында Bilim álemdi qutqarady жазуы орналасқан.

Монеталар:

- күміс монетаның массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, дайындау сапасы – «proof», номиналы – 500 теңгелік, дайындау таралымы – 2 000 дана;

Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған монеталардың бейнесі

- МН 25 мельхиор қоспасынан жасалған монета массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – «brilliant uncirculated», номиналы – 100 теңгелік, таралымы – 20 000 дана.

Номиналы 100 теңгелік мельхиордан жасалған монеталардың бейнесі

TALǴAT BIGELDINOV. 100 JYL коллекциялық монеталары туралы

2022 жылғы 5 тамызда Кеңес одағының ұшқыш-шабуылшысы, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің туғанына 100 жыл толды.

Монетаның бет жағындағы (аверсі) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Төменгі жағында – монетаның номиналын білдіретін 100 TEŃGE, жиегін айналдыра – QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу берілген.

Монетаның сырт жағында (реверсінде) Ұлы Отан соғысының аяқталу уақытына байланысты Талғат Бигелдиновтің портреттік бейнесі орналасқан. Портреттің сол жағында – шабуылдаушы ұшақтар мен 100 JYL жазуы бар. Портрет бейнесінің астында Талғат Бигелдиновтің туған жылы – 1922 және монетаның соғылған жылы – 2022 сандық белгілері, сондай-ақ TALǴAT BIGELDINOV жазуы орналасқан. Барлық жазу жұлдыздармен бөлінген.

МН 25 мельхиор қоспасынан тұратын коллекциялық монеталардың массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – «brilliant uncirculated», номиналы – 100 теңгелік, таралымы – 15 000 дана.

Монеталардың бейнесі

Коллекциялық монеталар елдің бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнымен төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ барлық банкте банк шоттарына есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады.

Күмістен жасалған монеталар мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ-тың нөмірлік сапа сертификаты бар кәдесый орамында шығарылады. Мельхиор қоспасынан жасалған монеталар жеке блистерлік орамда шығарылады.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы