"Бәйтерек" зымыран кешені жыл соңында іске қосылады
"Байқоңыр" ғарыш айлағындағы "Бәйтерек" зымыран кешенінен алғашқы ұшырылымды жыл соңында іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков мәлімдеді.
Айтуынша, қазір зымыран-тасығыш зауыттық сынақтан өткізіліп жатыр.
Ал ұшыру кешені құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталғаннан кейін барлық техникалық құралдардың толық дайындық пен жұмысқа қабілеттілігін тексеру сынақтарынан өтеді. Егер ешқандай ескертпе болмаса, біз желтоқсанның жиырмаларына қарай ұшыруға беттейміз. Ал егер ескертулер анықталып, оларды жоюға уақыт қажет болса, онда мерзім нақтыланып, ұшыру сәл кейінге шегерілуі мүмкін, - деп жауап берді вице-министр Сенаттың кулуарында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Еске салайық, Үкімет басшысы Олжас Бектенов "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешені құрылысының қарқынын тексерген болатын.