Бүгiн 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

"Бәйтерек" кешені Қазақстанға не береді: Алғашқы сынақ өтті, енді не өзгереді?

Қазақстан ғарыш нарығына өз зымыранымен шығады.

Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар ғарыш жобаларының бірі саналатын "Бәйтерек" ғарыштық-зымыран кешені бүгінде іске асырудың практикалық кезеңіне өтті. Кешен өкілдері BAQ.KZ редакциясының жобаның қазіргі ахуалы, экономикалық әсері, тәуекелдері мен болашағына қатысты сұрақтарына жауап берді.

"Бәйтерек" жобасының негізгі мақсаты қандай?

Кешен өкілдерінің айтуынша, "Бәйтерек" жобасы Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар бастамалардың бірі.

Олардың сөзінше, жобаның басты мақсаты - Байқоңыр ғарыш айлағы базасында "Союз-5 / Сұңқар" зымыран тасығышын ұшыруға арналған заманауи ғарыштық-зымыран кешенін құру.

Жоба Байқоңыр инфрақұрылымын сақтап, дамытуға, Қазақстанның әлемдік ғарыш саласындағы қатысуын күшейтуге, сондай-ақ өз инженерлік және технологиялық құзыреттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді кешен өкілдері.

Жоба қай кезеңде тұр?

Қазіргі таңда жоба практикалық іске асыру кезеңіне өткен.

Кешен мәліметінше, старттық және жерүсті инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар негізгі технологиялық жүйелер дайындалып, мамандар мен пайдалану персоналын даярлау жұмыстары ұйымдастырылған.

Өкілдердің айтуынша, кешеннің негізгі жүйелерінің жұмысқа қабілетті екенін растаған сынақ ұшырылымы да сәтті өткен.

Алғашқы зымыран ұшуы қашан болды?

"Бәйтерек" кешені өкілдері алғашқы сынақтық ұшыру 2026 жылдың 30 сәуірінде өткенін хабарлады.

Қазіргі уақытта сынақ нәтижелеріне талдау жасалып жатыр және бағдарламаның келесі кезеңдеріне дайындық жүргізілуде. Кейінгі ұшырулардың нақты мерзімі сынақ кестелері мен барлық жүйелердің дайындығына қарай анықталады, - делінген жауапта.

Қазақстан мен Ресей арасындағы міндеттер қалай бөлінген?

Жоба Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық ынтымақтастық аясында іске асырылып жатыр.

Кешен өкілдерінің түсіндіруінше, қазақстандық тарап Байқоңырдағы жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту мен пайдалануға жауап береді. Ал ресейлік тарап "Союз-5" зымыран тасығышын әзірлеп, дайындайды.

Сондай-ақ қаржыландыру мен үйлестіру мәселелері бірлескен келісімдер мен жол карталары арқылы реттеледі.

Қазақстан қандай экономикалық пайда көреді?

Жобаны толық іске қосу Қазақстанға халықаралық ұшыру қызметтері нарығына қатысуға жол ашуы мүмкін.

Өкілдердің сөзінше, бұл жоба ілеспе өндірістерді, сервистік қызметтерді және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді.

Жобаны іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, жоғары технологиялық бағыттарды дамытуға және елдің ғарыш саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді, - деді олар.

Жаңа жұмыс орындары ашыла ма?

Кешен мамандары отандық кадрларды даярлау жобаның негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Олардың айтуынша, жоба аясында инженерлік, техникалық және пайдалану салаларындағы мамандарды даярлау жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар зымыран-ғарыш техникасы мен инфрақұрылым саласында кәсіби құзыреттер қалыптастыруға басымдық беріліп отыр, - делінген жауапта.

"Бәйтерек" экология жағынан қауіпсіз бе

Жоба өкілдері кешен заманауи әрі экологиялық қауіпсіз технологиялық шешімдерге сүйенетінін айтады.

Олардың мәліметінше, "Союз-5 / Сұңқар" зымыран тасығышы бұрын қолданылған кейбір улы отын компоненттері бар жүйелерге қарағанда экологиялық тұрғыдан қауіпсіздеу балама ретінде қарастырылып отыр.

Тәуекелдер

Кешен өкілдері кез келген ірі халықаралық технологиялық жоба секілді "Бәйтерек" те жоғары деңгейдегі үйлестіруді қажет ететінін жеткізді.

Олардың айтуынша, қазіргі негізгі міндеттер - сынақтарды жалғастыру, өндірістік кестелерді сақтау, технологиялық сенімділікті қамтамасыз ету және тараптар арасындағы жұмыстарды синхрондау.

Қазақстан жобаны ұлттық ғарыш бағдарламалары үшін қолдана ма?

"Бәйтерек" жобасы болашақта Қазақстанның ұлттық ғарыш саласын дамытуға негіз болмақ.

Кешен коммерциялық ұшырулар үшін де, ұлттық ғарыш бағдарламаларын қолдау және ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту үшін де пайдаланылуы мүмкін, - деп мәлімдеді жоба өкілдері.

Жаһандық бәсекеде "Бәйтеректің" болашағы қандай?

Кешен өкілдері әлемдік ғарыштық ұшырулар нарығындағы бәсекенің жоғары екенін мойындайды. Соған қарамастан, жоба бірнеше артықшылыққа ие екенін айтады.

Олардың сөзінше, бұл - Байқоңырдың бірегей инфрақұрылымы, көпжылдық тәжірибе және халықаралық серіктестік форматы.

Келесі кезеңдер сәтті іске асса, "Бәйтерек" орта класты зымырандарды ұшыру сегментінде өз орнын алып, Қазақстанның ұзақмерзімді ғарыш стратегиясының маңызды элементіне айнала алады, - деп түйіндеді олар.