«Бәйтерек» БЖЗҚ-дан 500 млрд теңге алады

Ұлттық банкі  Ұлттық қорды басқару кеңесі бекіткен БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттарына сәйкес, 2023 жыл ішінде БЖЗҚ зейнетақы активтерін 500 млрд теңге жалпы сомада «Бәйтерек»  ҰБХ» облигацияларына нарық талаптарымен инвестициялау жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Бәйтерек»  ҰБХ» АҚ тартқан қаражатты машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы ірі жобаларды кредиттеуге бағыттауды жоспарлап отыр. Қаржыландыру үшін жобаларды іріктеу және бөлінген қаражаттың игерілуі Қазақстан Республикасының Үкіметі деңгейінде бақыланады.  

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Қазақстан экономикасын орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін институт. Холдингтің қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі тікелей бақылайды. 

Холдинг бағалы қағаздар нарығында сенімді қарыз алушы болып табылады, оның орнықты қаржылық көрсеткіштері мен халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары кредиттік бағалары бар. Мәселен, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның Fitch Ratings агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингі деңгейінде тұр және тұрақты болжаммен «ВВВ» құрайды.

БЖЗҚ зейнетақы активтері «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға нарықтық кірістілік бойынша қайтарымды негізде беріледі. Жоғарыда аталған инвестициялар БЖЗҚ салымшыларына жыл сайын инвестициялық табыс әкеледі, сондай-ақ Қазақстан экономикасының нақты секторын одан әрі дамыту мен жаңғыртуға елеулі қолдау көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: tengrinews.kz
Өзгелердің жаңалығы