"Бәйтерек" 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қаржыландыруды екінші деңгейлі банктерге береді
Бұл жұмыс 2028 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.
"Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құны 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды кезең-кезеңімен екінші деңгейлі банктерге беру туралы келісімге қол жеткізілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жұмыс 2028 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.
2026 жылы холдингті 1 трлн теңгеге капиталдандыру күтілуде. Осыған байланысты нақты секторды қаржыландыру көлемін 8 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Өнеркәсіпті дамыту қоры шағын және орта бизнесті (ШОБ) және басым секторларды дамытуға бағытталған, құны 7 млрд теңгеден асатын жобаларға қайта бағдарланып, машина жасау саласы үшін толыққанды даму институтына айналады, – дейді Қарағойшин.
Сондай-ақ оның айтуынша, "Даму" қоры екінші деңгейлі банктердің өтімділігін тарту арқылы ШОБ-ты жанама қолдауды жалғастырады. Аграрлық несие корпорациясы мен "ҚазАгроҚаржы" агроөнеркәсіптік кешен жобаларына, оның ішінде терең өңдеу мен тамақ өнеркәсібіне 1 трлн теңге бағыттайды. Ішкі нарықты толықтыру және шикізаттық емес экспортты ілгерілету үшін "Қазақстанның Даму Банкі" 2 трлн теңге бөледі, ал Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі экспорттаушыларды 600 млрд теңге көлемінде қолдайды.
Жобаларды капиталдандыру жеткіліксіз болған жағдайда QIC үлестік қаржыландыру арқылы қолдау көрсетеді. Осылайша, "Бәйтерек" компаниялар тобына кіретін барлық қаржы операторлары белгілі бір салаларға шоғырланып, бизнесті қолдауда бірін-бірі толықтыратын болады, – дейді ол.
Сонымен қатар Ұлттық инвестициялық холдингке трансформация аясында 30 қаңтарда инвестициялық қызмет құрылды. Ол агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі, құрылыс және құрылыс материалдары өндірісі, тау-кен металлургия кешені, машина жасау, энергетика, химия, инфрақұрылым, логистика, көлік, туризм және басқа да негізгі салаларда инвестициялық қызметті көздейді. Басқарушы директорлардың негізгі тиімділік көрсеткіштері экономикаға тартылған инвестиция көлемі және 15-20 елдік жобаны іске асыру болмақ.
Холдинг өз кезегінде 1,5 мың жобаны құны, экспортқа бағдарлануы және өңдеу үлесінің болуы тұрғысынан талдаған. Қазіргі таңда 2026 жылға арналған 3,4 трлн теңге сомасына 449 пысықталған инвестициялық жобадан тұратын портфель қалыптасқан. Оның ішінде құны 7 млрд теңгеге дейінгі 12 жоба (45 млрд теңге) екінші деңгейлі банктерге беріледі.
Сонымен бірге, Қарағойшин Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа (ҰЦИП) базасында шамамен 80 трлн теңгеге 1 319 әлеуетті жоба қаралғанын айтты. Алайда олардың пысықталу деңгейі туралы ақпарат жеткіліксіз, жобалардың 30%-ға дейіні бірін-бірі қайталайды, ал кейбір әкімдіктер ұсынған жобалар ҰЦИП-де көрініс таппаған.
Осыған байланысты холдинг басшысы ҰЦИП-ні инвестициялық жобалардың бірыңғай базасы әрі сапалы іріктеу мен бағалаудың негізгі көзі ретінде жетілдіру үшін бірлескен жұмысты күшейтуге шақырды.