20 Тамыз 2026, 19:13 Фото: «Байтақ» партиясы

«Байтақ»: Таза орта мен халықтың әл-ауқаты бір-бірінен бөлек емес

Партия өкілдері Сайрам-Өгем ұлттық паркінде және Мұғалжар ауданында экология, әлеуметтік қолдау мен өмір сапасына қатысты мәселелерді көтерді

«Байтақ» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Алтай Ордабеков «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» ұжымымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, табиғи аумақтарды қорғау, биоалуандықты сақтау және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру мәселелері көтерілді.

Алтай Ордабеков табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың емес, қоғамның әр мүшесінің ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Табиғатты қорғау – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Табиғи байлықты сақтап, оны келесі буынға аман жеткізу маңызды. Ол үшін жүйелі әрі ортақ жұмыс қажет», – деді кандидат.

Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі 2006 жылы құрылған. Батыс Тянь-Шань аумағында орналасқан парктің жалпы аумағы 149 мың гектардан асады. Мұнда табиғи ландшафттарды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау бағытында жұмыс жүргізіледі.

Экология мен әлеуметтік саясат қатар талқыланды

Сайлауалды үгіт-насихат аясында «Байтақ» партиясының Ақтөбе филиалы өкілдері Мұғалжар ауданына барып, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымымен кездесті.

Жиында халықтың әл-ауқаты, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Партия өкілдерінің айтуынша, адамның өмір сапасы тұрақты жұмыс пен табысқа ғана емес, қоршаған ортаның жағдайына да тікелей байланысты. Таза ауа мен су, қолжетімді инфрақұрылым және қауіпсіз орта – халықтың әл-ауқатына әсер ететін маңызды факторлар.

«Экологиялық мәселелерді әлеуметтік саясаттан бөлек қарауға болмайды. Адамға лайықты өмір сүру үшін тұрақты табыспен қатар, таза әрі қауіпсіз орта да қажет», – деді Құрылтай сайлауына кандидат Айман Сексенова.

Кездесуде қатысушылар өздерін алаңдатқан түрлі түйткілді көтеріп, ұсыныстарын ортаға салды.