Baytaq партиясының Шымкенттегі кандидаттары «Рахат-Шымкент» фабрикасының ұжымымен кездесті
«Байтақ» жасылдар партиясының Шымкент қаласындағы филиалынан ҚР Мәжілісі мен қала мәслихатының депутаттығына кандидаттар «Рахат-Шымкент» кондитерлік фабрикасының ұжымымен кездесті, — деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Олардың Шымкент жұртшылығымен кездесуі партияның Сайрам-Шымкент-Түркістан бағытындағы автобуспен сайлауалды үгіт-насихат жүргізу турнесі аясында өтіп жатыр.
«Байтақ» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Құрмет Керімбековтың айтуынша, Шымкенттен 2 адам Мәжіліске, 8 адам мәслихатқа үміткер екен. Ол «Baytaq» партиясынан Шымкент қаласы мәслихатына үміткер екен.
Кандидаттардың қатарында «Baytaq» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Сейдулла Кеңесбайұлы Исмаилов бар.
Ол кездесуде «Рахат-Шымкент» фабрикасының экологиялық жауапкершілігі басқа зауыт-фабрикаларға үлгі болуы керек екенін айтып, Шымкенттегі басқа өндіріс орындарының ауаға зиянды заттар бөлуін азайтуға үлес қосатынын атап өтті.
Шымкент — өнеркәсіп орындары бар қала. Біз қаладағы зауыттардан ауаға бөлініп жатқан зиянды заттарды зерттедік. Зиянды заттардан топырақ 25 смге дейін нашарлаған. Соны мәселе етіп көтеріп, кәсіпкерлердің экологиялық нормаларды орындауын қадағалауымыз керек. «Байтақ» партиясы — ең таза партия. Бұл — таза саясат, таза жұмыс, — деді ол.
Кездесуде партияның тағы басқа мүшелері сөз алып, сөйледі. Жалпы «Байтақ» партиясының Шымкент қалалық филиалынан партиялық тізім бойынша кандидаттар қатарында мәслихатқа Данияр Джетписбаев, Аскар Алматов, Ілияс Жақайұлы, Нұрбол Сүлейменұлы, Гүлжайна Қалиева, Халила Сералиева, Нұрлан Аманкулов сынды үміткерлер бар. Бір мандатты округтен Мәжіліске Бахыт Исаев, мәслихат Сергей Ефремов ұсынылған.