Бүгiн 2026, 11:01 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

«Байтақ» партиясы: Жаңа Конституция – саяси жүйені ауқымды жаңартудың негізі

Азаматхан Әміртайдың айтуынша, партияның кезектен тыс съезі Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси бағытты қолдау мақсатында ұйымдастырылған.

Астанада Қазақстанның жасылдар партиясы «Байтақтың» V кезектен тыс съезі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиынға партия төрағасы Азаматхан Әміртай, саяси кеңес мүшелері, өңірлік филиалдардың жетекшілері, экологтар, қоғам қайраткерлері және сарапшылар қатысып жатыр.

Бір палаталы Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауы қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар съезд аясында партияның сайлауалды бағдарламасын бекітіп, депутаттыққа ұсынылатын кандидаттардың тізімін мақұлдайды.

Съез барысында сөз сөйлеген партия төрағасы Азаматхан Әміртай бұл жиынның кезектен тыс өткізілуіне жаңа Конституцияның күшіне енуі себеп болғанын айтты.

Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, жаңа Негізгі заң еліміздің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртудың негізіне айналды. Біздің бесінші кезектен тыс съезіміз де Президенттің осы саяси бағытын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр, – деді Азаматхан Әміртай.

Оның айтуынша, делегаттардың қарауына енгізілетін құжаттардың жобалары алдын ала дайындалған.

Партия төрағасы сондай-ақ 23 тамызда Қазақстан азаматтары алғаш рет бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлайтынын еске салды.

Бұл – жай ғана кезекті сайлау науқаны емес. Бұл – мемлекет тарихындағы жаңа кезеңнің басталуы, – деді Азаматхан Әміртай.