Байқоңыр ауданында биыл 11 аула абаттандырылды
Елордалық мәслихат депутаттары Байқоңыр ауданында биыл абаттандырылған аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді аралады, деп хабарлайды BAQ.KZ Elorda.info-ға сілтеме жасап.
Осы жылы Байқоңыр ауданында барлығы 25 аула, 7 қоғамдық кеңістік ашу жоспарланған.
Оның ішінде бүгінгі таңда:
- 11 аула аумағында толығымен абаттандыру жұмыстары аяқталды;
- 4 аула аумағында осы мақсатта жұмыстар жүргізілуде;
- 10 аула аумағы 15 қыркүйекке дейін аяқталатын болады.
Сондай-ақ, 6 қоғамдық кеңістікте абаттандыру жұмыстары аяқталып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды.
Бұдан бөлек, бірқатар аулаларда ағымдағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Жаңадан ашылған қоғамдық кеңістіктер мен аула аумақтарында болған мәслихат депутаттары абаттандыру жұмыстары аясында атқарылған жұмыстармен түбегейлі танысып шықты.
Аралау жұмыстарының алғашқы нүктесі – Ақбұлақ жағалауынан бастау алды. Жаңа келбетке ие болған жағалау маңында күндіздің өзінде-ақ, демалушы тұрғындардың қарасы қалың.
Себебі, Ж.Жабаев ескерткішінен бастау алған кеңістік «Алатау» спорт кешеніне дейін толығымен тұрғындардың қолайлылығы үшін жабдықталған.
«Ақбұлақ» жағалауын абаттандыру тек бұл аумақпен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, абаттандыру жұмыстары Абылай хан даңғылынан Ш.Құдайбердіұлы даңғылына дейінгі аралықты құрайды.
Әрі қарай, жаяу аралау – «Журналистер» аллеясымен, Кенесары көшесі, 73, 77 мекенжайларындағы жаяу жүргіншілер кеңістігімен және бірқатар аула алаңдарымен жалғасты.