Байланыс желілерін бүлдіргендерге жаза күшейтілуі мүмкін
Жыл басынан бері байланыс желілері 459 рет бүлінген. «Қазақтелеком» жауапкершілікті күшейтіп, байланысқа базалық инфрақұрылым мәртебесін беруді ұсынып отыр.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин 2026 жылғы 24 қарашада өткен Үкімет отырысында құрылыс және басқа да компаниялардың байланыс желілеріне зақым келтіру мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мусиннің айтуынша, жыл басынан бері бөгде ұйымдар компания желілерін 459 рет бүлдірген. Соның салдарынан байланыс жұмысының жалпы тоқтау уақыты 80 күнге жеткен. Оның сөзінше, мұндай мәселеге басқа байланыс операторлары да тап болып отыр.
Биыл Жетісу облысында жер қазу жұмыстары кезінде жеке компанияның экскаваторы магистральдық кабелімізді зақымдады. Апат салдарынан 15 мыңнан астам абонент байланыссыз қалды. Оның зардабы облыс аумағынан асып, интернет трафигінің төмендеуі Семей мен Павлодарда да тіркелді. Байланысты қалпына келтіруге төрт сағаттан астам уақыт кетті, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар оның айтуынша, бүгінде байланыс желілерін бүлдіргені үшін салынатын айыппұлдың ең жоғары мөлшері 120 АЕК немесе 519 мың теңгені құрайды.
Бүгінде байланыс – азаматтардың электр энергиясы, су және жылу сияқты негізгі қажеттіліктерінің бірі. Алайда оған әзірге дәл осындай құқықтық мәртебе берілмеген. Байланыс қызметін базалық инфрақұрылымдық қызмет ретінде заңнамада кезең-кезеңімен бекітуді және байланыс желілерін бүлдіргені үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынамыз, – деді Бағдат Мусин.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдады.
Жауапкершілікті күшейту туралы ұсынысты қолдаймын. Жаслан Хасенұлы (Мәдиев – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі – ред.), тиісті шешімді енгізіңіз, – деді Үкімет басшысы.
Жаслан Мәдиев бұл ұсыныс мемлекеттік органдармен келісіліп жатқанын мәлімдеді.
Біз мұның бәрін қолдаймыз. Сондықтан Парламентке барған кезде қосымша баяндап береміз, – деді министр.