Байханов Аққулы ауданында инвестициялық жобалардың іске асырылуын тексерді

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Аққулы ауданына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс әкімі Асайын Байханов Аққулы ауданына барып, әлеуметтік нысандардың құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын, инвестициялық жобалардың іске асырылуын тексерді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті.

Тілектес ауылында өңір басшысы тұрғындармен мектеп салу перспективаларын талқылады. Сараптамалық қорытындыға сәйкес мектептің техникалық жағдайы мақсаты бойынша одан әрі пайдалану үшін жарамсыз деп танылды. Апатты жағдайдағы оқу орнын бұзып, жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданды. Жер учаскесін таңдау және рәсімдеу жұмыстары басталды.

Одан кейін облыс әкімі облыстық бюджеттен бөлінген бонустық трансферт есебінен салынған Қызылқоғам ауылындағы шағын футбол алаңының сапасын тексерді.

«Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында Қарақала ауылы кешенді түрде жаңартылуда. Дене-шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы, «Айгөлек» балабақшасын күрделі жөндеу, жалпы ұзындығы 4,5 км болатын ауыл ішіндегі Теміржанов, Джанхотов, Арынов, Жабағин көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дене-шынықтыру сауықтыру орталығының құрылысы аяқталуға жақын, модульдік қазандық толығымен орнатылды. «Айгөлек» балабақшасында жұмыстардың жалпы көлемінің 75% орындалған.

Сондай-ақ облыс әкімі Қарақала-Қазы-Баймолды автожолының 7,5 км және Аққулы-Қазы-Майқарағай жолының 7,5 км жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, жолдарды абаттандыру жұмыстары басталды.

Биыл ауданда 33,9 км жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда, оның ішінде 15 км - аудандық маңызы бар Қарақала-Қазы-Баймолды және Аққулы-Қазы-Майқарағай жолдары, жалпы ұзындығы 18,9 км болатын Қызылқоғам, Шарбақты, Тосағаш, Малыбай, Мерғалым ауылдарының кіреберіс жолдары, Қызылқоғам ауылының Мүлікбаев көшесі.

Сондай-ақ бонустық трансферт шеңберінде Бесқарағай, Тақыр, Қазантай, Майқарағай, Тосағаш, Шақа ауылдарында балалар алаңдары, Әйтей, Қызылқоғам, Тақыр, Тосағаш, Жабағылы, Шәмші ауылдарында шағын футбол алаңдары салынады.

Асайын Байханов аудан әкіміне әлеуметтік нысандардағы жұмыстардың мерзімдері мен сапасын бақылауды тапсырды.

Ауданды аралау барысында өңір басшысы 1200 бас асыл тұқымды мал және бақша дақылдарын өсірумен айналысатын «Қайрат» ШҚ-на барды. Шаруашылық бақша дақылдары бойынша тұқым өсіру мәртебесіне ие болды. Өнімді ұлғайту мақсатында ШҚ басшысы асқабақ тұқымын дайындау цехын ашты.

Сонымен қатар, облыс әкімі «Данекер» ШҚ ЖШС-нің 932 га алқапта суармалы жерді іске қосу бойынша инвестициялық жобаның іске асырылуын, сондай-ақ, қуаттылығы 2100 текше метр болатын сорғы станциясының, ЭБЖ және ұзындығы 10 км суды тарту құрылыс барысын тексерді. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңге, оның 800 млн теңгесі меншікті.

Облыс әкімі аудан басшылығына ауданда іске асырылып жатқан жобаларға қолдау көрсетуді тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы