Байденнің ескертуі. Путинге санкция салынуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ президенті Джо Байден Ресей Украинаға басып кірсе, Владимир Путинге санкция салуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл жөнінде "Америка дауысы" сайты хабарлады.

Азаттықтың мәліметіне қарағанда, Байден егер Ресей Украинаға әскер кіргізсе, салдары "ауыр" болатынын ескерткен.

Президент сонымен бірге Американың 8,5 мың әскери қызметкері Шығыс Еуропадағы НАТО елдеріне дислокация жасауға дайын отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, дегенмен АҚШ Украинаға әскер жібермейді.

Conflict Intelligence Team тобының зерттеушілері 2021 жылы Ресей армиясы Украинамен шекарасына артиллерия мен танк, мотоатқыштар мен десанттарын әкеп жатыр деп хабарлаған. Украинамен шектесетін Ресейдің Воронеж облысына былтыр көктемде "Ескендір" зымыран кешені де әкелінгені айтылған. 2022 жылы қаңтарда Conflict Intelligence Team Ресейдің батыс аймаққа тағы әскер жеткізгені жөнінде айғақтар жариялады.

Былтыр күзден бері ақпарат құралдарында Ресей әскерінің Украина шекарасы маңына шоғырланғаны туралы көп мәлімет жарияланды. АҚШ пен өзге де Батыс елдері Мәскеу әскери шабуылға дайындалып жатыр деп болжайды. Кремль мұны жоққа шығарып отыр.

НАТО мүшелері Украинадағы жағдайға байланысты Шығыс Еуропаға қосымша күштерін шоғырландыра бастаған. АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин 25 қаңтарда 8,5 мың әскерін дайындық режиміне көшіргенін, Шығыс Еуропаға жөнелтуге дайын екенін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы